Бала тапқандікі емес

Менің бір құрбым бар. Есімі –Жанар. Өзі өте қарапайым, мейірімді, мінезі өте жұмсақ жан. Тек жастайынан науқас анасына қарайлап, анасын жер қойнына берген соң, жас бауырларын жеткіземін деп біраз отырып қалған. Сол құрбым арқыры бас жерге тиіп тұрмаса да, бір баласы бар жігітке тұрмысқа шықты. Сөйтсек, олардың бас қосуына дәл сол бала себеп болыпты…

Жанар балалар ауруханасында медбике болып істейді. Бірде сол ауруханаға алты жасар бір бала келіп түседі. Дәрігерлер қанша дәрі ексе де, баланың қызуын түсіре алмайды. Қатты қиналып, сандырақтап, анасын шақыра берген баланы көріп, жүрегі езіліп кеткен Жанар оған жүгіріп барып, бауырына басса керек. Сол кезде бірден қызуы түсіп, бала ұйықтап кетеді. Ертеңіне есін жиғанда да бірден Жанарды іздеп, сұрай береді. Содан ауруханадан шыққанша екеуі бір-бірінен екі елі ажырамайды.

Ұлының Жанарға қатты бауыр басып қалғанын көрген әкесі – Азамат баласын шығарып әкеткен күннің ертеңіне келіп, оған өзіне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасапты. Құрбым да бас тарта алмаған көрінеді…

Кейін естідік, баланың туған анасы күйеуінің көп табыс таппайтынын бетіне басып, үнемі ұрыс шығара берген көрінеді. Ақыры бір жасар ұлын күйеуіне қалдырып, басқа қалаға барып сауда жасаймын дейді де, сол кеткеннен мол кетеді. Кейін таныстарынан оның бай біреудің көңілдесіне айналып, шалқып жүргенін естиді…

Әке-шешеден ерте жетім қалған Азамат қанша қиналса да, баланы өзі өсіруге бел байлайды. Бірақ, жұмыс пен баланың арасында жүгіріп жүрсе де, ананың орнын баса алмаса керек. Енді ешқашан үйленбеймін деп өзіне серт бергенімен, ұлының бірден Жанарға бауыр басқанын көріп, өз отбасына осы қыздың ғана бақыт әкеле алатынын түсінеді.

Сөйтіп, Азамат пен Жанар үйленді. Олардың тату тіршілігіне қарап, елдің бәрі сүйсінетін. Жылдар өтіп, ұлдары Данияр да 14-ке келді. Осы кезде, арада 13 жыл өткенде, туған анасына бір кездері өзі тастап кеткен ұлы керек болып қалыпты. Сөйтсе, ол бай көңілдесінің арқасында жеке кәсібін ашып, дәулет жиып алса да, қайтып бала туа алмапты. Ақыры қымбат сыйлықтарын арқалап келген ол ұлын өзімен бірге кетуге үгіттей бастайды. Егер барса, зәулім үйде тұрып, қымбат көлікке мініп жүретінін, қаланың әсем жерлерін қызықтап, серуендейтінін айтып қызықтырады. Аста-төк өмірге қызыққан Данияр келісіп, туған анасына еріп, кетіп қалады.

Ол кеткен соң, Азамат пен Жанар бірден қартайып кеткендей болды. Одан басқа Жанар бір қызды дүниеге әкелгенімен, өз құрсағынан шықпаса да, тұңғыш ұлын бәрібір ерекше жақсы көретін. Алғашында күніне бір, кейін аптасына, айына бір телефон шалып тұратын ұлдары кейін тіпті хабарласпай кетті. Сосын жарты жылдан кейін күттіріп барып телефон соққан ол үйге қайтқысы келетінін айтады. Қатты қуанған әкесі сол күні-ақ қалаға барып, ұлын қайтып әкелді. Туған анасы одан кейін де бірнеше рет келіп, жалынғанымен, Данияр қалаға қайтып бармады. «Мен анам мен әкемнің жанында қаламын», — депті оған…

Жақында мен Даниярдың біреумен телефон арқылы сөйлесіп: «Менің апам сияқты бәлішті ешкім дәмді пісіре алмайды. Үйге кел, саған да сол бәлішпен шай береді», — деп жатқанын естіп қалдым…

Кәмшат.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.