БАЛАБАҚШАЛАРДЫ ЛИЦЕНЗИЯЛАУ 2024 ЖЫЛЫ БАСТАЛАДЫ
«Мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары тиісті құжаттар қабылданған соң, 2024 жылы бастау алуы мүмкін. Лицензиялау ешқандай кәсіпкерліктің, яғни меншік иесінің құқығын шектемейді. Бұл балаларды сапалы біліммен және жайлы ортамен қамту үшін жасалған қадам ғана. Яғни, жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар толығымен лицензиялаудан өтеді». Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында осылай деді.
Брифингте Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Н.Шәмшиева балабақшаларды лицензиялау бойынша, ал Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы мәлімдеді.
— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында балабақшаларды лицензиялауды тапсырған-ды. Демография мен республикаішілік урбанизацияға байланысты елімізде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету мүмкіндігі азайған кезеңде, яғни 2011 жылы «Балапан» бағдарламасы бастау алып, жекеменшік балабақшаларды дамытуға мүмкіндік берілген-ді. Алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігі үшін лицензиялау жұмысы қолға алынып отыр. Мұндай іс-шара мемлекеттік құжатқа негізделіп жүргізіледі. Ол үшін, әуелі, лицензиялаудың негізгі талаптары айқындалады. Екінші, қоғамдық талқылау өтеді. Сонан соң ғана тиісті шешім негізінде жұмыс басталады. Яғни, лицензиялау жұмыстары шамамен 2024 жылы бастау алуы мүмкін, — деді Н.Шәмшиева.
Мамандардың айтуынша, лицензиялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Бірінші кезекте жаңадан ашылған балабақшалар, екінші алғашқы мемлекеттік аттестациялаудан өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар, үшінші жұмыс істеп тұрған барлық балабақшалар өтеді.
Еске сала кетейік, Шымкентте 505 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 72-сі мемлекеттік.
— Балабақшаларды лицензиялау жұмысы туралы ақпаратты дұрыс түсінбей отырған ұйымдар да баршылық. Алайда, балаға қауіпсіз орта қалыптастырып, жертөледе немесе жарықсыз ғимаратта балабақша ашып отырғандардың жұмысын шектеп, сапаны арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, биыл елордада балабақшаларды ваучерлік жүйе арқылы қаржыландыру бойынша пилоттық жоба енгізілді. Мұнда ата-аналарға баласына сапалы білім беретін балабақша таңдау құқығы беріліп отыр. Шымкентте қыркүйек айынан бастап 10 балабақшаға ваучерлік қызметті енгізу жоспарланған, — деді Жанат Арысбекқызы.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА