Балалар кітапханасы ашылды
Қала мерекесіне орай Шымкентте балалар кітапханасы пайдалануға берілді. Қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесі 112 орамда орналасқан, іргетасы 1977 жылы қаланған. Кітапхананың 34 мыңға жуық кітап қоры және 2 мыңға жуық оқырманы бар. Келушілер саны да аз емес, 20 мыңға жеткен.
Қырық жылдық тарихы бар мекеме ғимараты 2013 жылы апатты деп танылып, жарамсыз болған. Биыл бюджеттен 44 млн теңге қарастырылып, сәуірде кітапхана іргетасынан бастап қайта салынды. Құрылысты мердігер «Нұр таңстрой» ЖШС жүргізіп, қыркүйек айында мекеменің кілтін табыстады.
Балалар кітапханасының ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, жазушы Мархабат Байғұт қатысып, лентасын қиды.
— Елбасымыз Н. Назарбаев болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласында сауатты, креативті, жаңа жетістікті меңгерген ұрпақ тәрбилеуіміз керек деген болатын. Кітапхана нағыз – білімнің құдығы. Бұл кітапхананың қоры аз емес, енді балаларымыз кітапты электронды түрінде оқуына мүмкіндігі бар. Оқушылардың бүгін көп жиналғанына қуанып тұрмын,- деп игі тілегін жеткізді Қайрат Ырзақұлұлы.
Қонақтар ғимаратты аралап, танысты. Жаңа кітапхана жиһаз, компьютерлік техникамен жабдықталған. Интернет желісіне қосылып, «РАБИС» электронды бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Айта кетейік, Шымкентте 14 балалар кітапханасы бар.