Баланың тірлігін істеген басшыдан не үміт, не қайыр?

Ел сенімін ақтаймын деп Сайрам ауданының тізгінін ұстауға қолын жеткізген менің жерлесім Бақтияр Мамаевтың «Мырқымбай» тірлігі бүгінде естіген жанның еріксіз жағасын ұстататын жағдайға жеткізді.

Әкімнің «креслосына» отырғанға не жетсін. Өз аумағыңның №1 адамысың. «Ақ дегенің алғыс,…», бәрі сенің жеке­меншік «фирмаңның» дүниесіндей.

Әттең, соның артында қарапайым қалың ел тұрғанын ескермейтін болдық. Бүгінде әкім­қараның қарапайым халықтың тыныс-тіршілігіне шынайы жанашырлық көрсете алмайтындығы аудан әкімі Б.Мамаевтың жуырда ауыл тұрғындарымен кездесуінде айқын көрініс берді. Жиналыста сөйлеген ауыл адамдары баж-балаңсыз, эмоцияға берілмей, жергілікті атқарушы органға тиісті жұмыстардың атқарылмай отырғанын жіпке тізіп бергендей еткенде, не әкім Б.Мамаев, не оның бір қызметкері уәжді жауап беруге де жарамады. Ауыл тұрғынының бірі: «20 жыл болды, сендердің беттеріңе қарап, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар бар ғой, сол ел ішінің мәселесін шешер деп жүргенімізге. Біз сендерге біздің бала-шағамызды асыра деп отырған жоқпыз. Адал еңбектің маңдай терімен күнкөріс жасауға мүмкіндік жасасаңдаршы. Не мына елдің мал жаятын жері шешілмейді, не Құдайдың ағын суын пайдаланудың дауы шешілмейді. Сонда жергілікті биліктің атқа мінерлері концерт көруден, жекпе-жек «төбелестен» қолдары тимей жүр ме?» — деп күйінгендей болды.

Сайрамдық қарапайым азаматтың аудан әкімі Б.Мамаевтың ауданның 90 жылдығын асқақтатып атап өтуге  «Ережесіз жекпе-жек» төбелесін араластырып, «әп-әдемі өлеңді пұшық шіркін қор қылдының» керін келтіргеніне намыстанғанын байқадық.

Ережесіз жекпе-жек төбелесі адам өліміне дейін апаратын зорлықтың көрінісі. Адамға аяушылық жоқтықтың көрінісі.Бір ауданды басқарып отырған азаматтың осыған түсінігі жетпей, ел-жұрты мен оның өскелең ұрпағының оспадарсыздықты өнеге етіп отырған соң, одан не үміт, не қайыр?

Қазір әкімқаралардың тірлігінен бір келеңсіздік шыға қалса болды, «бюджеттің ақшасын жұмсаған жоқпыз, халық өз ақшасымен істеді» деген  әдемі сырғытпаны тауып алған. Халық билікке сенеді. Олардың бір игілікті іске демеушілік жасаймыз дегенін есіткен соң, оны ел сүйсінетін іске жұмсауды ойластырмай ма? Демеушілер алда-жалда «төбелес» өткіземіз десе, «Мен аудан жұртшылығына «төбелесті» насихаттауға жол бермеймін. Бар да анау Ташкентке ме, Баку мен Бішкекке ме өткізе бер» десе кім оның аузын жауыпты. Қазір Б.Мамаев «қан төбелесті» насихаттап, қай биікке шықтым деп жүр? Демеушілерді пайдаланатын ұлттық спортымыз құрып қалып па?

 

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.