Баласын сақтап, бағы жанды
Айнұр отбасындағы екінші қыз еді. Мектепті бітіргеннен кейін оқуға түсе алмай, базарда анасына көмектесіп жүрді. Онда онша табыс болмаған соң әпкесінің дәмханасында даяшы болып істеді.
Дәмханаға сол маңайдағы бір мекемеде есепші болып істейтін жігіт күнде келіп тамақтанатын. Бір күні Айнұр жұмыстан кеш қайтқанда екеуі танысып қалды. Осыдан кейін екеуі екі айдай сөйлесіп, қыдырып жүрді.
Көп өтпей Ержан Айнұрды алып қашты. Оны онша танып-білмесе де Айнұр «қайтып келген» деген аттан қорқып, сол босағада қалды. Алайда барған жері дұрыс болмады. Әрқайсысы бір түртпектегенімен қоймай, Ержанның өзі де дөрекі, қызқұмар, ішкілікке жақын адам болып шықты. Сыртта білгенін істеп келіп, бар ашуын Айнұрдан алады. Ай-шай жоқ, ұрып-соғып, балағаттап, білгенін істейді.
Ақыры әбден ішкілікке берілген Ержан жұмысынан айырылды. Бұдан кейін «сен келгелі үйімнің берекесі кетті» деп, бар кінәні Айнұрға артып, оны тепкінің астына алды. Ертеңіне орнынан зорға тұрған Айнұр жаймен киімдерін жинап, төркініне келді.
Екі күннен кейін Ержан анасын ертіп келіп, Айнұрдан үйге қайтуын өтінді. Бірақ, Айнұрдың ол тозаққа қайтып барғысы келмей, Ержаннан біржола бас тартты да, дәмханадағы жұмысына оралды.
Бір күні дәмханаға бір қалталы кісі келіп отырды. Айнұрға қадалып қарай береді. Мұндай «клиенттерден» қорқып қалған ол екі апта бойы жұмысқа шықпай қойды. Енді келмейтін шығар деп жұмысқа келген күні әлгі кісі алтын жүзігі мен гүлін алып келіп тұр. Бұл бетін қайтарып, сыйлығын алмай жіберді. Бірақ, ол келуін тоқтатпады. Тіпті бірде тізерлеп отырып: «Мен сені сүйемін. Сенсіз өмір сүре алмаймын», — деп жылаған соң, ақыры Айнұр оның мейрамханаға шақыруын қабыл алды. Дастарханды жайнатып, екі жігітке ән айтқызып қойып, әбден күткен ағасы сол күні оған алтын алқа мен білезік сыйлады. Солай күнде небір бағалы сыйлықтармен алдап, басын шыр айналдырған ол Айнұрды уысына бір-ақ түсірді.
Айнұр да мұндай өмірге кетәрі емес еді, тек үш айдан соң аяғының ауырлағанын білгенде көкетайы із-түзсіз жоғалды. Барар жер, басар тауы қалмаған Айнұр бәрін жасырмай анасына айтып берді. Бұдан әкесі де хабардар болды. Олардың айқайына қарамай, Айнұр баласын алдырмай, босанып алды.
«Тексіз немені ел-жұртқа не деп көрсетеміз?» деп, дүниеге әкелген сәбиін ата-анасы жетімдер үйіне өткізбек болды. Мұны естіген бойда Айнұр қызын көтеріп, Астанадағы құрбысын жағалап, тартып отырды. Онда қанша қиналса да, бөбегінен бас тартуды ойына да алмады. Ақыры оңды жұмыс тауып, қызын балабақшаға беріп, ел қатарлы өмір сүре бастады.
Бірде әдеттегідей жұмыстан соң қызын балабақшадан алып, үйіне қайтып келе жатқан. Алдынан ұзын бойлы, әскери киім киген жігіт көрінді. Ол: «Кешіріңіз, сіздер жақта жалға пәтер беріле ме?»-деп сұрады. Айнұр өзі де пәтер жалдап тұратынын, қасындағы бөлменің бос тұрғанын айтты. Әлгі жігіт бұлармен еріп келіп, осы бөлмені жалға алды.
Осылай көрші болған олар тез тіл табысып кетті. Өзін Талғар деп таныстырған жігіттің әйелі қайтыс болған екен. Айнұр екеуі жерлес болып шықты. Күнде кешкісін шай ішіп отырып сырласатын олар бір-бірінің барлық жан сырына қанықты. Айнұрдың әдемі көздері мен сабырлы мінезін ұнатқан Талғар оның өткен қателіктерін кешіріп, жүрегін ұсынды. Көп өтпей, екеуі Айнұрдың ауылына келіп, ата-анасының алдынан өтіп, бас қосты. Ал сүйкімді қызын Талғар бауырына басып, туған баласындай қабылдады.
Қазір олардан бақытты адам жоқ. Бәлкім, қиналған күндерінде де сәбиін тастамай, өмірдің сынағынан мүдірмей өткені үшін Жаратқан оған ең үлкен сыйын нәсіп еткен болар, кім білсін…
Жәмила.