Балғынбек Имашев, айтыскер ақын:… діні мәнсіз, ділі жансыз біздің жағдайымыз қандай аянышты?
Қазір билікті жамандасаң батыр, ымыраға, сабырға шақырсаң сектант, жақсылықты айтсаң жағымпаз, мемлекетшіл болсаң “нұрбот” деп айдар тағатын, “екі ұртының бірі май, бірі қан боп”, жақсы менен жаманды айыра алмау былай тұрсын, жақсыға күйе жаққан, жаманды жоғары шығарған, ұятсыздықты “өркениет”, ар сақтағанды “адасушы” деп айыптаған ақырзаман алдындағы аласапыран кезең ғой.
Билігі әлсіз, бишікеші арсыз, халқы қамсыз, идеологиясы нәрсіз, тілі дәмсіз, діні мәнсіз, ділі жансыз біздің жағдайымыз қандай аянышты?
Енді, қайтіп ел боламыз? Шынымен құздан құлауға жақын қалдық па?
Жоқ! Ел боламыз! Үмітсіз – шайтан!
Қиын, әрине! Бірақ, қолға алсақ, бәрі болады!
Баяғыда тарыдай шашыраған қазақпыз. Ол кезде қызыл өкімет қырғын салған, елге, тілге, дінге, салт-дәстүрге қауіп төнгенде туған топырағынан ел ауған, шет жерге, жат елге барып бас сауғалаған. Қазір ше? Тәуелсіз Отанының болашағын бұлыңғыр көріп, ертеңінен үміт үзген ел көп. Билікке сенбейтін, жемқорлыққа тойған, төреден көңілі қалған, несиеден шаршаған ел әйт десең, атамекенін тастап кез-келген «өркениетті» елге көшкелі отыр. Осы сәтте елдің Еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениеттің майталмандары, оның ішінде дәстүрлі өнердің қаймақтары шетелдің «жұмақ мекенін» жарнамалауы достықтан гөрі қастыққа, жанашырлықтан гөрі жаулыққа жақын. Кейде тіпті, жақсы мақсатпен жасалған іс, өлшемей сөйлеген сөз Отаның үшін қауіпті болып жатады.
alashainasy.kz