БАСҚА ЕЛДЕР НАҒЫЗ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРІН ҚОРҒАП ОТЫР
БОЛАТХАН ТАЙЖАН
Тайванның қаулап өсіп келе жатқан мемлекет екенін, орысшалап айтқанда «Техно-парк» деп аталатын орталықтардан көрдік. Көргенімізді қайтейік, ішіміз удай ашып қайттық. Олар миллиардтаған доллар инвестицияны ғылым мен өнеркәсіпке төгіп жатыр. Әлгі аумағы дүниенің жерін алып жатқан «Техно-парк» дегеніңіз – болашақтың қаласы, бала-шаға мен жастардың ордасы екен. Қиял-ғажайып елінің ортасында жүргендей әсер аласың. Ал, біздің Қазақстан миллиардтаған қаржыны далаға төгіп жатыр: тақыр жерге салынып жатқан зәулім резиденциялар болашақ ұрпаққа не береді?
Қала салу жағынан да біз Азияны жуық маңда қуып жете алмаймыз. Жалпы алғанда, ел астанасын солтүстікке көшіру – геосаяси тұрғыдан өте оңды шешім. Бірақ, министрліктердің әшекейлі ғимараты халықтың байлығы мен мәдениетіне баға бола алмайды. Біз сыртқы түрі әлем-жәлем боялған сандықтар жинап жатқан сияқтымыз. Өкінішті-ақ! Себебі, ол сандықтардың іші тақыр-таза бос. Біз ешкімге қажеті жоқ зәулім үйлер салғанша, соған жұмсалатын миллиардтарды Қазақстанның экономикасын дамытуға, халықтың жағдайын көтеруге жұмсағанымыз артық еді. Болашаққа инвестиция жұмсау деген осы болады.
* * *
Бір мемлекеттің ішінде бір тіл – мемлекеттік тіл, екінші тіл – ресми тіл дегенді Қазақстаннан басқа елден көзіммен көріп, құлағыммен естіген емеспін. Қай мемлекетте болсын, ресми қарым-қатынасты сол елдің мемлекеттік тілінде жүргізеді. Ал,он жерден араб, не болмаса үнді, не болмаса қытай бола тұра, Францияда өмір сүріп жатқан болсаңыз, сіз міндетті түрде француз тілінде қарым-қатынас жасайсыз. Сол секілді Қазақстанда да орыс қазақпен, орыс кореймен, орыс неміспен сөйлессе де қазақ тілінде сөйлесуі керек. Дүниежүзі осылай өмір сүріп жатыр. Мысалы, Англияға барып, халықтар өзара ағылшын тілінде емес, басқа тілде қарым-қатынас жасауы керек дегенді айтсаңыз, күлкіге қаласыз. Осында тұратын қай елдің адамы болса да, Қазақстанда тұрып азамат боламын десе, қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан орыс, ұйғыр, поляк және басқа ұлттар өз тілін ұмытсын деген сөз емес. Қазақстанда тұрса, қазақ тілін білуі керек деген сөз. Мәселені осылай төтесінен қою керек.
* * *
Атом стансасын салу идеясы Мәскеуде жарияланғанда өте күдіктендім. Оның қалдықтарын Қазақстан қайда жібереді? Бүкіл дүниежүзі АҚШ-тан бастап атом стансаларының жұмысынан қалған қалдықты қайда көмеміз деген мәселемен анда-мұнда шапқылап жүр. Бұның шешімін бүгінге дейін Американың өзі таба алмай отыр. Мен сол қалдықтарды Қазақстанға әкеліп көмейік не болмаса атом стансасын салайық деген әңгімеге таң қаламын. Оның үстіне бүкіл дүниежүзінде Қазақстан энергия жағынан ең бай мемлекеттің бірі. Бізде энергия беретін мүмкіншіліктердің адамзатқа белгілі түрлерінің бәрі бар. Оның ішінде Қазақстан Азия құрлығында көмір қорының жартысына ие. Бұдан басқа мұнай, газ, күн көзінің энергиясы, жер энергиясы, тіпті өзендердің энергиясы – осында тұрып жатқан 15 миллион халыққа бірнеше ғасырға жететін энергия.
* * *
Шындығында, мен істеген елшіліктердің құжаттарды қазақ тілінде жүргізуі Қазақстан Сыртқы істер министрлігі үшін тосын жағдай болды және көбінесе олар маған «орысша жаз» деген нұсқауларды жіберіп отырды. Бірақ, мен қолымнан келгенше күллі деректерді қазақша әзірлеттім. Менің айтарым, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне өзге тілдермен қоса қазақ тілін таза білетін, дипломатияға бейімді азаматтарды әлдеқашан жинап алуға болар еді. Бірақ, жинамай отыр.
Ал қайсыбір елшілердің қазақша сөйлемеуі, ол – басшылыққа еліктеуден туған көзбояушылық. Мысалы, Кеңес дәуірінде бәрі басшыға ұқсауға тырысты. Бұл – міне, сол кезден қалған жаман әдет. Мысалы, үкімет пен парламент басшылары бір күн қазақша сөйлесінші, қалған қызметкерлер тек сөйлеп қана қоймайды, қазақ тілінде «маңырайтын» болады. Мен оған еш күмәнданбаймын.
* * *
Өзіміз білетін елдерде көргенім – мемлекет басқарып отырған азаматтар халқына арналған сөзін «Уа, менің ұлы халқым!» деп бастайды. АҚШ президенті болсын, Малайзияның королі болсын. Біз де соған үйренсек, неге «Уа, менің ұлы қазағым!» демеске? Онда тұрған ешқандай сөкеттік жоқ. Бұл халықтың еңсесін көтереді.
* * *
1986 жылы Желтоқсаннан кейін бір елшілікте өткен өте жоғары дәрежедегі басқосуда маған қазақ ұлтшылдығын айтыптап сөз сөйле деді. Мен “сөйлемеймін” дедім. Әйтеуір, мені көндірді. Сөйтті де, маған бірінші сөз берді. Жиналысты елшінің өзі жүргізіп отырды. Елші дегенің патша да, Құдай да бір өзі. Содан мен шығып сөйлегенде айтқан сөзім мынау болды: “Алматыдағы қазіргі оқиғалар және Колбиннің I хатшы болып сайлануы, бұл – орыс шовинизмінің асқындаған көрінісі”.
* * *
Бәріміздің көзіміз көріп отыр, шетелдіктер Қазақстанда не істеп жатыр? Шетелдіктер Қазақстанда ойына келгенін істеп жатыр. Мен қанша елде жұмыс істедім, халықты мұндай тонауды өз басым көрген емеспін. Менің сүйегім сырқырайды. Бар-жоғы 5-6 жылдың ішінде қазақ емес, Қазақстанның азаматы да емес, үш адамның миллиардер болғаны не деген сұмдық! Аты аталмағандары қаншама! Мен мұнай шығарып сататын елдерде жұмыс істедім. Өздері зат шығарып сататын елдерде де жұмыс істедім. Солардың бәрі де шеттен келіп, әлгі елдің экономикасына қаржыларын құйғандар болды. Инвесторлар дейміз ғой. Оның үстіне экономиканың күретамыры болып есептелетін салаларды шетелдіктердің қарамағына беру мәселесі де ешқандай да ақтап алуға келмейді. Қарапайым адамдардың өзі «Неге біз шетелдіктерге сонша тұтқаны беріп қойдық?» деп жағаларын ұстады. Ал, оның ар жағындағы берудің технологиясын айтсам, әлгі таң қалып жүрген жандар ызаланады.
* * *
Сыртқы саясатты қай елмен ұстансақ та, ең бірінші ұлт мүддесін ойлауымыз керек. Ресеймен де, АҚШ-пен де, Қытаймен де бір жаққа аумай, тепе-тең қарым-қатынаста болуымыз керек. Бір жақты болу – ұтылу деген сөз. Біздің орыс империясынан айырылғымыз келмейді. Қазақстаннан басқа елдер нағыз ұлттық мүдделерін қорғап отыр. Осының кесірінен біз жерімізден айырылып, Каспийдегі Қазақстанның жерінде мұнайды Ресеймен екіге тең бөліп игереміз деп отырмыз. Неге, неліктен, не үшін? Каспийдің сол тұсындағы үлесі толық біздің жерде тұр. Неге біз оны екіге бөліп игеруіміз керек? Бірге жұмыс істесек, әңгіме басқа. Алайда, бірден мұнайдың жартысы сенікі, жартысы менікі болсын деген дұрыс па? Бұл болашақ ұрпақтың байлығы емес пе?