Басшы «болмағанға болыспаны» ұмытқан соң,…?
Оның ел сенімін арқалаған үміті ақтала қоя ма? Әй, қайдам? Түрлі БАҚ беттерінде халықтың билікке сенімі жоқ, билік пен халықтың арасы ажырап кетті деген пікірлердің жазылып жүргені де ешкімді бейжай қалдырмайтыны хақ.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың да, өңір тізгінін ұстаған Ө.Шөкеевтің де іс-қимылында уақыт талабы тудырып отырған жаңашылдық лебі сезіліп, биліктің жергілікті атқарушы органдарына бағыт-бағдар беріліп, нақты талаптар қойылып жатқанымен, оған «көзін жұмып» қарайтындардың кімге, неге сеніп отырғаны түсініксіз-ақ. Олар өмір заңы – «шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынатынын» мойындаудан қалғаны ма, сонда?
Қараңыз, Жетісай ауданының білім бөлімі басшысы Т.Мирзалиевтің басшылық қызметіндегі тірлігін саралап көрсеңіз, тура бір «тау көтерген Толағайды» көргендей боласыз. Т.Мирзалиев басқаратын ММ 24.01.2019 жылы жеке кәсіпкер Б.С.Насировамен №02 келісім-шарт жасасып, аудан мектептеріне шаруашылық-тұрмыстық тауарлар алдыруға 18 млн. 299680 теңгеге мемлекеттік тапсырысқа берген тауарларын алып келіп, «Шығыс жүк құжаты» бойынша 18299680 теңгенің тауарын өткіздім деп, бөлім қызметкеріне қол қойдырып алып жайына кетеді. Бұл іске жауапты маман О.Өскенбаев әкелінген тауарды түгелдеген кезде құжатта көрсетілген тауарлардың 3 млн. 15890 теңгеге кем болғанын анықтап, бастығы Т.Мирзалиевке хабар бергенімен, «жоқтарына басқа тауар беріп, құтыла бер» деген жұбату сөзіне амалсыз көнуіне тура келеді.
Қазір газет редакциясында О.Өскенбаевтың 14.05.2019ж. жа-зып берген «Түсіндірме хатын-да» 3 млн. 15890 теңгенің тауары «мүлде келмегендігі, оның орнына қағаз бен откорка беріп жатқаны» жазылған құжаты тұр. Бұл сорақылық фактісі газет бетінде жа-рияланды, ал жетісайлықтар оны аңыз етіп айтады. Соның өзінде ауданның заң органдары, аудан басшылығы тарапынан «былқ» ет-кен адам болмаған. Мемлекеттің 3 млн. теңге қаржысы тура бір «канал суының» құнындай болмай, ағып кеткен сияқты.
Т.Мирзалиевке қарасты Н.Төреқұлов орта мектебінің директоры С.А.Сабырханов 200 мың теңге пара алумен құрықталып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы, 2-бөлігімен айыпталып, 6 млн. теңге айыппұл төлеуіне сот үкімі шығарылады. Ал Т.Мирзалиев үшін бұл көрші елде жасалғандай, бетінен жел еспеген.
Жетісайдағы Т.Рысқұлов орта мектебінің директоры Д.Ақылбаев өзінің мектебінде оқымаған 3 оқушыға «Орта білім туралы» аттестат жазып беріп, оның 3-еуі ЖОО студенті болып, айды аспанға шығарып жатқанда қалың елдің «жағасын ұстағаны» болмаса, директордың «мұртын балта шаппайды». А.Мирзалиев болса, оны лып еткізіп, келесі бір мектептің директоры етіп ауыстыра салады. Т.Мирзалиевтің аудандық білім бөлімі жұмысын тарта алмайтындығы ел-жұрттың ортасында ашық айтылып та жүрген. Осы жылы аудан әкімі «Кировта» халықтың алдында есеп беруге келгенінде есімі облыста құрметпен аталатын, осы облыстың басшысы болып абыройлы қызмет атқарған Мырзашөлдің атақты перзенті Омарбек Нұржановтың туған ауданының намысы үшін шындықты шыжғырып айтқан әділ сынынан аудан әкімі Ж.Бейсенбаевтың дұрыс қорытынды шығара алмағанын қалай түсінуге болады?
Журналиске «Білім бөлімі басшысы қызметін бүгін алып қойса, оған менің басым ауырмайды» деп жүрген азаматтың сала жұмысына шынайы жанашырлық жасай алмайтынын ауданның бес жасар баласына дейін біліп отырған жоқ па?
Аудан мектептерінде ұстаздардың өзара дау-дамайы сотқа дейін барып жатса, ал білім бөлімі басшысы оған намыстануды қапе-ріне алмаса, ел-жұрттың өздерінің ұрпағының болашағына деген сенімі не болғаны? Мырзашөлді қойғанда, облысқа аталы сөз айта алатын ардақты аға буынның жанайғайына немқұрайдылық көрсеткен аудан әкімі әлі де ойланса, кеш болмас еді. Қазақтың «Біріншісін үй жа-сырады, екіншісін ши жасырады, ал үшіншісін кім жасырады?» дегеніндей, Т.Мирзалиевтің жауап беруге тиісті заңбұзшылық фактілерін жаба тоқып, жасыра беру де аяқталатын шығар-ау. Мүмкін, прокуратура органы оянып, осы мәселеге назар аударар. Өйткені, оянып жатқандар көбею үстінде ғой, қазір.
Әділ Мұратбеков.