«BEREKE – FEST» ЭТНОФЕСТИВАЛІ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕЙДІ
Шымкент қаласында «Мизам – береке мен бірлік мерекесі» атты «Bereke – fest» этнофестивалі ұйымдастырылды. Алтын күз мерекесіне арналған іс-шара қаланың әлеуеті мен агроөнеркәсібіндегі жетістіктерді насихаттау, ұлттық жәрмеңке думанын қайта жаңғыртуды мақсат еткен.
25 қазан – Республика күні аясында өтіп жатқан алтын күз мерекесіне ұлттық өнерге жанашыр қала тұрғындары, қолөнер шеберлері, мәдениет саласының қызметкерлері қатысуда.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, ауылшаруашылығы саласы қызметкерлерін марапаттады.
– Ауылшаруашылығы – Оңтүстік өңірі үшін негізгі салалардың бірі. Шымкент қаласында жыл сайын 90 мың тонна өнім жиналады. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына назар аударылуда. Шаһарда агронеркәсіп кешендері іске қосылып жатыр. Ендігі ретте қала дүкендерінде отандық өнімдердің қатары артатынына сенім мол. Баршаңызды алтын күз мерекесімен құттықтаймын, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жиында ауылшаруашылығы саласы кәсіпорындары, шаруа қожалықтар басшылары «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Bereke – fest» этнофестивалі кешкі 18:00-ге дейін жалғасалы. Іс-шарада ұлттық спорт ойындары, қолөнершілер көрмесі, ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр.
«Шымкент келбеті»