Билік тарапынан көп ретте селсоқтық байқалады

ӘШІРБЕК СЫҒАЙ

Қазақтың жері кең, қойнауы қазынаға бай. Бірақ сол ұлан-ғайыр даламыз бар. Санымыз аз.
Осы олқылықтың орнын қалайда толтыру керек, қазаққа шұғыл түрде көбею қажет.
Халықтың санын көбейтуіміз тиіс. Егер халықтың саны 20 миллионға жетсе, онда қазақ халқының тіл мәселесі мұндай өткір күйінде бірінші кезекте тұрмас еді.
Қазақтың жүрегі тоқтамасын, өнердің жүрегі тоқтамасын деп отырғаным сол. Өнерін өлтіріп алған қазақ ел болып оңбайды, елінен айнып қалған жүрек – жүрек боп соғып жарытпайды. Екеуі бөлінбес бір бүтін, тұтас дүние деп есептеймін. Ендеше, жүрегіміз тоқтамасын!

* * *

Қазір заман басқа. Жас­тардың өзі нарық заманына тез бейімделіп, ыңғайына икем­деліп алған. Неге? Себебі, тү­сіріліп жатқан кино жоқ. Оның өзінде тамыр-таныс, «кастинг» деп ат қойып алыпты, көшеден ала салады. Немесе бас­қа мем­лекеттен шақыра салады. Өзіміздің жергілікті кадрға назар аудармайды. Театрға бәрін бірдей ала бермейді. Біз қияли, соқыр болдық. Қазір ешкім қиялдамайды. Өйткені, жағдайды тез бағамдай алады. Дегенмен, өмірдің барлығын өлшеп пішіп, қулықпен жасау мүмкін емес деп ойлаймын. Романтик болуды за­ман көтер­мейді. Романтикпін деп жүрші, аштан өлесің. Қазір бар­лығы математикаға құрылған. Сәл ауытқысаң құритыныңды біле­сің. Осы салада да жем­қорлық дендеп кеткен. Біздің қазір жемқорлықпен күресетін кезіміз бе? Мемлекеттің қа­бырғасын мықтап, мемлекеттік тіліміз­ді дамытудың орнына өз қо­лымызбен жасаған жемқор­лық­­пен күресе алмай келеміз. Қа­зақтың басқа қамы құрып қал­ғандай…

* * *

Біздің ұстанған дініміз – атам заманнан ислам ғой. Енді сол бізге көптік қылып қалды ма? Одан неге жери қалдық? Мұның барлығы әртүрлі пікірдегі адамдардың ыла­ңы. Ықпал бар. Ал ықпалға қарсы тұрар қамал, тосқауыл қайда? Қазір мектеп жасынан бұзылып жат­қан қыздар, балалар көп. Тәр­тіпте бір кілтипан бар. Неге ол өзіне қол салып жатыр? Жалпы, жастардың дөмпелек жүруі мені қатты мазалайды. Кеңестік дә-уірді мың жерден жамандасақ та, ол бізді адамшылыққа тәр­биеледі.

* * *

Біз ТМД ішінде жалақымыз жоғары елміз деп айқай салып жатырмыз ғой. Бәлкім, солай да шығар. Зейнеткердің алатыны анау. Студенттің жағдайын жақ­сы білесіз. Сабақ оқиды, одан қалса, жұмыс істейді. Кешке жы­ғыла-сүріне құлайды. Барлығы материалдық жағдайдың қамы­мен жүр.
Заман қанша жерден қасқыр болып тұрса да, адамдықтан аттап кетпесек екен. Елдің, халқымның тыныштығын ой­лаймын. Қазақ халқының мүд­десін жоғары қоя­мын. Осы халықтың көңілі көте­рілсе екен деймін. Базарға көп бармаймын. Барсам көңілім түсіп қайтады. Үлкен арба итеріп жүрген қазақ жігіттерін көргенде, өзімнің про­фессор екеніме ұяламын. Бұ­ғанасы бекімеген балалар біздің ұрпағымыз ғой. Ол балалардың ертең денсаулығы қандай бо­лады? Құрт, сіріңке сатып отыр­ған қазақ келіншектерін көр­генде тағы кө­ңілім түсіп қалады. Басымды бұғып, сол тұстан біртүрлі қорланып өте­мін. Анау отырған менің қызым болса қайтер едім, қарындасым болса не етер едім? Әрине, олар менің рухани қандас туыстарым. Со­­­лардың тұрмыстары мені қат­­­ты алаңдатады. Имандай шы­ным осы. Бұл ешқандай пәл­сапа, демо­гогия емес. Қазір демогогтар өте көп.

* * *

Біздің ұлттық дәніміз, ұлт­тық болмысымыз, ұлттық кало­ритіміз болмаса, басқа халық үшін қы­зықсызбыз. Өйткені, мың жерден шашыңды боя, киімін ки, бәрібір орыс, ағыл­шын бола алмаймыз. Тағы бір қауіп, алапат тасқын келе жа­тыр. Жаһандану деген судың тасқынынан бетер. Бұл жолын­­­­да­ғының бәрін құр­тады, темір­мен, көмірмен, мұ­­наймен оған қарсы тұра ал­­­маймыз, тек бекем ұлттық мә­дениетпен ғана қарсы тұра ала­мыз. Әйтпесе, «көріңді қаза бер қазақ» дегім келеді.

* * *

Менің білетінім мәдениет – ұран емес. Мәдениет әркімнің өз жүрегінде, ішінде. Мәдениет – көп элементтен құралған ру­хани жиынтық. Мәдениетті болу үшін Астанада, Парижде немесе Рим­де тұру міндетті емес. Сөз ара­сында кейбір орысша оқы­ған қандастарымыз Бальзак, Ньютон, Паскаль былай деген деп көпіріп отырғаны, ал сол сөздерді біздің ауылдың қара шалдары баяғыда білген. Ауыздарынан былапыт, жаман сөздер шықпайтын, қа­зіргідей өсек-аяң, әлеуметтік желі дегенді білмей-ақ дүниеде не болып жатқанын, Құдайдың құ-діреті, білетұғын! Әдемі қартаю символы емес пе?.. Менің бі­летінім, мәдениеттің оқуы жоқ.
* * *
Әртіс деген Райымбек Сейт­метов сияқты болу керек қой. Ой десе ой, бой десе бой бар. Қазір бір кілең қушиған актерлар. Дауыстары да бойларына сай. Жастар ойнамай жатқан жоқ, ойнап жатыр. Биді де, ханды да. Бірақ, сендіре алмайды. Өйткені, қазір бәрі тамада болып кеткен. Кеше ғана масаң ортада аузына келгенді айтып, әркімнің көңілінен шықпаққа тырысып, өтірік күліп, өтірік күл­діріп тұрған актердің сахнадағы ойынына жұрт қызықпайды. Неге қызықсын, кеше түнде ғана тойда көрген адамы. Әртістердің той жағалап жүргені жақсы нәрсе емес. Тойда ән айтылмаса екен деп тілеп отырамын. Қылым да қисаймайды, ән тыңдағандай бол­маймын. Өйткені, өзі айтып тұрған жоқ. Фонограммамен ау­зын жыбырлатқанына мәз. Әнді үйде жатып магнитофоннан тың­дамаймын ба?!

* * *

Сырт көзге көрсетерліктей қол жеткен табыстармыз жетер­лік секілді. Мұнайлы, көмірлі, темірлі ел ретінде біздерді барлық құрлықтар мойындап-ақ жатыр. Қысқасы, сырт көзге айбынымызды танытарлықтай қауқарымыз ешкім­нен де кем емес.
Ал, өзіміз ғана көріп-біліп жүрген қайсыбір олқы­лықтарымызға жа­сып та қа­ламыз оңашада. Жеке дара ел болудың тауқыметі аз болсын ба? Жоғарыда бір сөзі­мізде, сөз бостандығына, батыл пікірлер білдіру құқығына ие бол­дық дедік-ау. Бірақ, сол орынды айтылған пікірлерге құлақ асу жағы қалай? Міне, осы жағынан ақсаулымыз. Билік тарапынан көп ретте селсоқтық байқалады. Бас­пасөзде көтеріліп жатқан сандаған ұсыныс-тілектер жа­уапсыз қалып жатады. Осы өкінішті.
Екінші: Тіл мәселесін және оның күрделі проблемаларын ше­шу жөніндегі талпыныстар көңілге қораш. Ұлттық тіл сол баяғы шәл­дүр-шүлдір қал­пында. Көше толы сауат­сыз жарнамалар. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді мойындағылары жоқ. Со­нымен, өз жерімізде өзіміз қа-ғажау көріп, пұшайман болып жүр­ген жайымыз бар. «Айта-ай­та Алтайды, Жамал апай қар­тайдының» кері. Баяғы жартас, сол жартас!
Үшінші: Жастар тәрбиесі жай-лы. Олардың бастарын қосып, ортақ мәселелерін шешуде бел­сенділік танытып жатқан мем­ле­кеттік ұйым жоқтың қа­сы деуге болады. Жастар одағы­ның аты бар да заты жоқ. Ды­мы шықпайды. Жастардың көз­қа­расына ықпал болмаудың сал­дарынан да әр діннің жетегіне ерген жандар шектен тыс көбейіп барады. Басы-көздерін шандып таңып, көйлектерінің етектерін сүйреткен қарындас­тарымыздың не ойлайтындары белгісіз. Тек жылтыраған көз­дерінен басқа жерлері бүр­кеулі. Қазақ қыздары қашан бүйтіп жүріп еді? Қайтсек те, ислам дінінің шеңберінен шы­ғып, әртүрлі ағымдарға бет бұ­рушылық басым.
Төртінші: Көше торып еркек атаулыға көзін сүзген жас бой­жеткендердің жеңіл жүрісі тіз­гін үзіп тұр. Олар ертеңгі Ана­лар емес пе? Ертеңгі ұрпақ қамы не болмақ? Базар-ошар­да арба сүйреп, қанарқап кө­терген, ұрлық-қарлықпен күн кешіп, есірткіге еліріп, есінен айырылған бозбалалардың хал-күйлері қалай түзелмек? Тәуел­сіз мемлекетіміздің келешегі мен болашағы солар емес пе? Қысқасы, жүректі қозғарлық мәселе көп. Тынымысыз жү­ректің сездірері мол. Жүрек үні амалсыз сыртқа лықсиды. Қайсыбірін айтып түгесерсіз…

(Жалғасы бар.)

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.