БІЛІМ ОРДАСЫ — ЖЕКЕ БАС ПАЙДАСЫН КӨЗДЕЙТІН ТАБЫС ТАБУ ОРНЫ ЕМЕС
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оның туындауына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтауға, сондай-ақ жемқорлықтың алғышарттарын жоюға ерекше назар аударып келеді.
Осы орайда, Департаменттің Тергеу басқармасының аға тергеушісі Қанат Шакимардановтың қатысуымен Ордабасы ауданына қарасты білім беру ұйымдарының басшылары арасында Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік Кодексінің 200-бабы негізінде қылмыстық құқықбұзушылықтар мен басқа да заңбұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою жөнінде жиын өтті.
Кездесу барысында Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты К.Омаров атындағы жалпы орта мектебі директорының мектепте сағат жүктеу үшін пара алу дерегімен қозғалған қылмыстық іс бойынша жолданған ұсыныс қаралды.
Қанат Әбенұлы ҚР Қылмыстық процестік Кодексінің 200-бабына сәйкес, өндірістен аяқталған қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдарға жолданған қылмыстық бұзушылықтар және басқа да бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыныстар туралы кеңінен баяндап өтті.
Жиын барысында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталған шенеуніктерге қатысты бейне түсірілімдер көрсетілді.
Жиынды қорытындылаған Қ.Шакимарданов бүгінгі өткен жиыннан қорытынды шығарып, сеніп тапсырылған міндетті жоғары абыроймен атқаруға үндеп, өз іс-әрекеттерімен адал аттарына кір келтірмеуге шақырды.