БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА ЖАСАЛҒАН ЗҰЛЫМДЫҚ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков және «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар қалалық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің ұжымымен кездесті.
Басты мақсат — қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістерден хабардар ету, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу болып табылады.
Жиында сөз алған Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарды баяндап, жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша қабылданған шаралардан хабардар етті.
Т.Серікбаев Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында парақорлықпен байланысты қылмыстарды жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілгенін және сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынғанын хабарлады. Сондай-ақ, енгізілген өзгерістерге жеке-жеке тоқталып, барлық заңнамалық нормалардың қабылдануы – жемқорлықпен күресті күшейтуге зор үлес қосып, оның деңгейін төмендетуге ықпал ететін жеткізді.
Ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Сәкен Мәжінбеков білім саласындағы сыбайлас жемқорлық – болашаққа жасалған зұлымдық екенін атап өтіп, адалдық, парасаттылық, әділдік құндылықтарын қоғам арасында кеңінен насихаттаудың маңызылығына тоқталды.
Өз кезегінде «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар жайынан хабардар етті.
Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды әрбір азамат өзінен бастауы тиіс екені аталып өтті.