Білімдіге, ұстазға құрмет
Қазақ халқында әрбір ауылда, әрбір руда өзінің молдасы, діни жетекшісі, пірі, ұстазы болды. Олардың біразы Орта Азияның діни медреселерінде, одан ары араб елдерінде діни оқу орындарында, медреселерде көптеген жылдар бойы Ислам дінінен терең білім алып келген ұстаздар болатын.
Ондай ұстаздарға деген сый-құрмет ерекше болды. Ел жақсылары оларды алдын ала шақырып, үй-жайымен, мал-дүниемен қамтамасыз етті. Айрықша ардақтап, қызмет көрсетті.
Білімін балаларға, қауым-жұртқа үйрету үшін барлық жағдайын жасап, дүниелік жағынан мүлде алаңдамайтындай жағдай туғызды.
Алаш жұртындағы білімге, діни адамдарға деген құрмет сондай болды. Бұл нағыз мұсылманшылықтың көрінісі. Ислам тағылымында ұстазды құрметтеу үлкен сауапты іс болып саналады. Қазақ халқында ұстаз туралы мынадай қанатты сөздер қалыптасқан. «Ұстазсыз шәкірт тұл». «Ұстазы жоқтың ұстазы шайтан». «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». «Ұстаздан ұлағат».