БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ – ОРДАБАСЫ
БАСШЫСЫ ІСКЕР ЕЛДІҢ АЙЫ ОҢЫНАН ТУАДЫ
Соңғы уақыттарда Ордабасы ауданының тыныс-тіршілігінде соны серпін, тың құлшыныстың бары қалың жұртшылыққа аян болып отыр. Аудан тізгінін А.Мамытбеков ұстаған кездің өзінде де жаңашыл бастамалар мен жарқын істердің жалғасып жататыны бар болса, аудан басшылығына өңірге есімі танымал, іскер азаматтың бірі Әліпбек Өсербаевтың келуі аумақтағы тірліктің көрігін одан әрі қыздыра түсті дегеннің артықтығы әсте бола қоймас.
Ауданның құрылуының 55 жылдығын ел-жұртқа айшықтап жеткізудің өнегесін көрсетумен бірге, бар мен жоқты ой таразысынан өткізіп жүріп, еңсені тіктеудің ерен істерін қоса тартып кетудің ел игілігіне бергені айта-айта жүрерліктей болыпты. Қаншама жылдан бері басшылық қызметте жүргенінде елге де, ерге де сын боларлық сәтте аянбай қызмет жасауды ұстанатын Әліпбек Шәріпбекұлының қарқынды іс-қимылына аудан жұртшылығы шексіз ризалықтарын білдірумен болған.
Ә.Өсербаев – қайсыбір қызметте болмасын өзінің нағыз мемлекетшіл кадр екендігін көрсете білген азамат. Оның іздемпаз да, тынымсыз еңбек иесі екендігіне көздері жеткендіктен кейін шығар, әріптестерінің «өзі де ұйықтамайды, өзгені де ұйықтатпайды» деп жүргені. Ең алдымен ел-жұртының алдындағы жауапкершілігін терең сезінгендіктен, халқына қалтқысыз қызмет етуді іс жүзінде көрсете білді.
Оның киелі Түркістанның еңсесін көтеруге өлшеусіз еңбек сіңіргені баршаға аян. Түркістан қаласының әкімі кезінде Түркі әлемінің астанасына жаңашыл көзқарасты әкелуді батыл қолға алған оңтүстіктің танымал перзенті Бейбіт Сыздықовтың соны соқпағын жалғастырып кеткен Әліпбек Шәріпбекұлының кемел ойлы ел перзенті екендігіне қалың елдің көзі жетті.
Облыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызын жоғары бағалап, оны шынайы өміршең етуді іс жүзінде нақты қолға алған аудан әкімдерінің біреуі де, бірегейі де Ә.Өсербаев болғанын мойындамасқа амалымыз жоқ дер едік. Оның осы салада облыстық ақсақалдар алқасымен етене араласып жұмыс жүргізуінің нәтижесінде қол жеткізген жетістіктері қашан да үлгі-өнеге. Түркістан қаласын көріктендіріп, оны жасыл желекке бөлеу жұмысын ұйымдастыру үшін қаланы 19 секторға бөліп, оған халықты қоныстандырудың басталғаны газетімізде өткен жылы жарияланған болатын. Рухани жаңғыруды халыққа жеткізе білудің арқасында Түркістан қаласында тойды түнгі сағат 23:00-де аяқтау баяндылық тапқан болса, бұл да республикалық телеарналардан үлгі-өнеге ретінде үнемі айтылып келе жатқандығынан баршамыз да хабардармыз.
Ә.Өсербаев – ел-жұртының мұң-мұқтажын сабырмен тыңдай білетін үлкен парасат иесі. Ой ойласа, кең ойлайтын, кең ойласа, тең ойлайтын алғыр ойдың иесі қай қызметте жүрсе де абырой биігінен көріне білді. Ерен іскерлігі мен елжандылық қасиетінің арқасында өңір жұртшылығына танылып, облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына дейін көтеріле алды. Нағыз отаншыл азамат қат-қабат тірліктің ортасында, небір өзекті де өткір мәселелердің басында жүргенінің өзінде, соңынан сөз ілестірмей, ел сеніміне лайықты асқаралы азаматтың бірі екенін іс жүзінде көрсетіп те жүр.
Жаңарып жатқан Түркістанның қауырт іс-қимылының әр күні түгілі, әр сағатына сергектікпен қарап, бар күш-қуатын жұмсаған Әліпбек Шәріпбекұлының есімі бұл қалада айрықша құрметпен айтылатынына ешкімнің де шүбәсі болмаса керек.
Оның ерен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қиындығы жетерлік мәселелерді шешуде табандылық таныта білетін ерекше қасиетін айтпай кетуді жөн емес дер едік. Дәл қазір оңтүстік өңіріндегі жиырмадан астам әкімнің ішінде іскерлігімен оқ бойы озық көрінетін №1 әкім Өсербаев Әліпбек Шәріпбекұлы десек, қателеспейтін шығармыз. Бұл оның астына тасталған көпшік емес, ер азаматтың адал еңбегін мойындап, оны тани білудің көрінісі. Болмысында даңғазалық пен ұраншылдыққа бейімдік білдірмейтін ол ешкімнің мазағы мен мақтауына да зәру де емес. Қашанда сабырды серік етіп, өз тірлігін салмақты оймен саралай білетін Әліпбек Шәріпбекұлының тиісті жерде қатаң талап қоя білетіні де бар. Және берілген тапсырманың сөз жүзінде қалып кетпей, нәтиже беруін ұмыта қоймайтын ерекшелігі тағы бар. Дәл қазір Түркістан қаласындағы қайнаған қызу еңбектің ортасында жүруге лайықты бірден-бір азаматымыз Әліпбек Өсербаев болуға тиісті екендігіне ешкімнің күмән келтірмейтіні анық-ақ. Өмірдің шындығынан «күштілердің» ойына келген ұйғарымның басымдық алып тұрған заманында кімдер қайда барып, кімдер қайда кетпей жатыр. Ел-жұрттың көңілінен шықпаған тірліктің соңы Ә.Өсербаевтың халқының еңбекқорлығы, береке-бірлігі мен ынтымағы жарасқан Ордабасы ауданының тізгінін ұстаумен аяқталып, күдігі мол көңілдерді шуақ шашқандай етті.
Бүгінде Ордабасы ауданында жүріп жатқан қым-қуыт тірліктерге бел шешіп кірісіп кеткен Әліпбек Шәріпбекұлы халқымен етене араласып, жаңа меже биігінен көрінуді бағындыра алатынын нық сеніммен айта аламыз.
О.ТӘЖИЕВ,
«Қазақстан жолы» газетінің
бас редакторы.
БОЛАР ІСТІҢ БАСЫНА, ЖАҚСЫ КЕЛЕР ҚАСЫНА
Қашан да халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуді ұстанатын, болмысы бөлек Әліпбек Өсербаевтың Ордабасы ауданындағы қызметі де қарқынды іс-қимылмен басталып кетті. Ауданда кәсіпкерлікті дамытуда, ауыл шаруашылығын уақыт талабына сай көтере білуде, суармалы жерді тиімді пайдалануда, жетістікке қол жеткізген шаруашылықтарды қолдауда бар мен жоқтың аражігін ажыратып алу үшін Ә.Өсербаев аудандағы ауылдарды түгел аралап шықты.
Әкім Бөржар ауылдық округінде болған кезінде осындағы «Ынтымақ» өндірістік кооперативінің тыныс-тіршілігімен барынша ден қоя танысқан. Қазір жыл сайын 3 мың тонна бидай өндіріп, оны алдағы уақытта 4 мың тоннаға дейін жеткізуді қарастырып отырған ұжымның жағдайына қызығушылық көрсеткен.
Сондай-ақ осындағы «Ордабек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 7 еңбек адамының 400 бас жылқыны бордақылап жатқан жұмысымен танысып, алдағы уақытта мал басын 800 басқа дейін дейін ұлғайтуды қарастырып жатқан игі тірліктеріне сәттілік білдіріпті.
Әкім Жамбыл ауылындағы «Сайып ата» шаруа қожалығында болып, 120 мыңдай шабақ өсіріп отырған кәсіпкерлердің алдағы уақытта шабақты 200 мыңға дейін көтереміз деп отырған жоспарларын өзінің барынша қолдайтынын айтты.
Бадам ауылдық округі Ақбұлақ ауылындағы асбест құбыларын шығаратын «ALMAZIS» жеке кәсіпорнында болған Ә.Өсербаев оның жұмысымен егжей-тегжейлі танысып шығады. Мұндағы 10 гектар жерге 2 цех салынып, қойма тұрғызылыпты. 25 адам жұмыс істейтін кәсіпорын диаметрі 100-300 мм. құбырларының тәулігіне 500 данасын шығарып отыруға қол жеткізіпті.
Аудан әкімі Шұбарсу ауылдық округіне ат басын бұрғанда «Арман-3» жылыжайының жұмыс барысымен танысып, жылына екі рет өнім алатын диқандардың еңбегіне ризашылығын білдірді.
«Әсия» тігін шеберханасында, жеке кәсіпкер Ж.Қазыбектің темір ұстаханасында, Береке ауылындағы «Темірші» ЖШС демалыс аймағында болып, ондағы еңбек адамдарының тыныс-тіршілігімен танысты.
Аудан әкімі Ә.Өсербаев өзінің ауыл окргтеріне жасаған іссапары барысында Қарақұм ауылдық округіндегі «КАЗ МЕТАЛЛ production» ЖШС-ның 2 мың тонналық қоймасын, «Сәтті жол-1» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің мал сою бекетін, Жеңіс ауылдық округіндегі жаңадан қазылған ауыз су құбырын, Бөген ауылдық округіндегі арнаның сол жағалауын (ЛБК) көріп, олардың жұмыстары барысымен жан-жақты танысып шықты. Ауыл әкімі Ә.Досымов «КАЗ МЕТАЛЛ production» ЖШС-ның 2000 тонналық қоймасының шатыры ауыстырылып, қазіргі кезде ел тұрғындарының ауылшаруашылық өнімдерін сақтау үшін жалға беріліп жатқан көрінеді.
«Сәтті жол-1» ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы Е.Сәтенов мал сою бекетінің заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанын, мұнда тапсырыс болса, тәулігіне 800 уақ мал союға мүмкіндік бар екенін дәйектілікпен айтып берді.
Жалпы аудан әкімі аумақтың тыныс-тіршілігімен танысу барысында өзекті мәселелерге басымдық бере отырып, оны реттеудің мүмкіндіктерін саралағандай болған сыңайлы.
А.ҮСІПОВ.
ӘКІМІМІЗДІ БІР «ЧЕРЕМУШКАНЫҢ « ӨЗІ-АҚ ТАНЫТТЫ
Темірлан ауылындағы «Черемушка» шағынауданына аудан әкімі Ә.Өсербаев нөкерсіз, шабармансыз кездейсоқ өзі келеді. Кейін білгеніміздей, Әліпбек Өсербаев қай ауылға, қай жерге жұмыс бабымен бармасын, алдын-ала хабар айтқызып, жұртты әуре-сарсаңға салып, алаулатып жүрмей-ақ елеусіз баратын әдеті бар екен. Аудан әкімі «Черемушкаға» да елеусіз келіп, көшені көріп, үйлерді аралағанда, сол жерде кездескен тұрғындармен әңгімелесіп жүрді. Бұл жердегі екі қабатты 21 тұрғын үй ауданның ашылған кезінде салынған болатын. Жарты ғасыр уақыттан бері жөндеу көрмей, азып-тозған үйлердің сұрқы адам шошырлықтай болып тұратын. Өзінің жүргенін есітіп, артынан жеткен ауыл әкімі, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі басшысы орынбасарлары мен шенді-шекпенділерді ертіп алған Ә.Өсербаевқа сол аумақты және Т.Әубәкіров пен Б.Абасов көшелерін ерінбей көрсетіп шықты. Мұндағы көшелер тозған, үйлердің арасында адам жүре алмайтын күл-қоқыс. Ә.Өсербаев сабырмен сөйлеп, өзінің қарамағындағы қызметкерлерімен не істеуге болатындығын, оны қанша уақытта бітіретіндерін сұрап көрді де, саусақпен санап тұрып, өзінің нақты тапсырмаларын беріп, «Қазірден бастап кірісіңдер!» деп бәрін таратып жіберді.
Сол күннен бастап ол жерде Түркістандағыдай қызу қарқынды жұмыс басталып кетті. Ақша да табылды. Құрылысшылар да жетіп-артылып жатты. 21 екі қабатты үйдің сырты жаңартылып шықты. Көшелердің бәрі дерлік асфальттанды. Күл-қоқыстың орны да айнадай болып тазартылып, жарық қойылып, бір ірі қаланың шағынауданындай болып жарқырап шыға келді. Сол аймақтың тұрғындарының демалыс орны пайда болып, тіпті субұрқаққа дейін қойылып, көрген жұрт танымастай бір өзгеріс жасалынып жатты.
Аудан әкімі осының бәрін аз уақыттың ішінде істеткізіп тастағанына сенер-сенбесін білмеген темірландықтардың оған білдіріп жүрген ризашылықтары шексіз.
С.НҰРОВ,
Темірлан ауылы тұрғыны.