БИЫЛ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН 1 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖЕР ТЕЛІМІН АЛАДЫ
Түркістан қаласында өткен жылы жер телімдерін түгендеу бойынша қаржы қаралып, алғаш рет ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде 1 мыңға жуық иесіз жер телімдері анықталған. Жыл соңына дейін барлығы кезекте тұрған тұрғындарға ашық түрде үлестіріледі. Аталған жұмыстар арнайы автоматтандырылған жүйе бойынша жүретін болады. Қазіргі таңда қала бойынша 35 мыңға жуық азамат жер кезегінде тұр. Бұл туралы брифингте Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов мәлімдеді.
Сондай-ақ, шаһар басшысының айтуынша биыл жыл соңына дейін қалада түрлі бағдарлама аясында 1 273 отбасы баспаналы болады. Сонымен қатар, Түркістандағы ескі көпқабатты 40-қа жуық түрғын үйдің қас беті толық жөндеуден өтеді.
«Жалпы, Түркістан қаласында «Құрылыс бөлімі» тарапынан 103 нысанның құрылысы жүруде. Негізінен көпқабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың саны артқан. Сондай-ақ, облыс орталығында спортсүйер қауым үшін «Теннис орталығы» мен ескек есу каналының құрылысы басталады. Олар қаланың микроклиматын жақсартып қана қоймай, туризмнің дамуына сеп бермек. Бұдан өзге, Ана мен бала орталығы, Реабилитациялық орталық және Назарбаев интеллектуалды мектептері қала тұрғындарына қызмет көрсететін болады», — деді Рашид Абатұлы.
Айта кетерлігі, брифингте шаһар басшысы Түркістан қаласында 4 бірдей жасанды көлдің пайда болатынын жеткізді. Бұл – жазы ыстық Түркістанның ылғалдана түсуіне мол септігін тигізбек.