Біз ақылы аурухана іздеп кеттік. Ал басқалар қайтеді?
Сұмдық-ай!
Мен 2 ақпан күні сағат 19:30 шамасында туылғанына 5 ай, 10 күн болған сәбиіммен қатты ауырып, «Жедел жәрдеммен» Жетісай аудандық ауруханасына түстік. Ауру бала шырылдап, жылағанын қоймайды. Ал ауруханада орын жоқ. Шырылдаған баланы алып кете алмай, сол жерде жүріп, келесі күннің түске дейін жүріп кезінде әрең дегенде «инфекционный» бөлімінен орын тауып берген болды. Палатаның іші даладан суық. Мұнда сау адам отыра алмайтын бөлмеде ауру бала қалай жататынын ойлаған адамды таппайсың. Бәрі керенау.
Амалсыз аурухананың бас дәрігері Нұрлан Джолдасбековты мазалауға тура келді. Оның «қатырамыз» дегеніне құлақ салып жатқан ақ халатты жанды көрмейсің. Тура бір басиесіз қалған жер дерсің. Ауруханаға ауыр жағдайда сәби түсіп қалғанын сезінген «медикті» көрмейсің.
Біз даладан суық болып тұрған бөлмеде ауыр жағдайдағы шақалақ қайтіп жатады деген адам жанының арашашысын таппадық. Бұл аурухана тура бір Қазақстанға қатысы жоқ елде тұрғандай.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының «қамқорлығындағы» газеттерді оқығанда, біздің облыс медицинасының дамуы әлемдегі озық елдердің алғашқы ондығына кіріп қалғандығына еріксіз сене бастайсың. Еліміздің медициналық саладағы жұмысы басқарманың «қанатының астындағы» басылымдардың жазғанына қарағанда облыстың бұл саладағы жұмысы ВОЗ-ға үлгі-өнеге етіп, ұсынуға жарайтындай. Ал шынайы өмір шындығы үлкен ауданның ауруханасында шырылдаған 5 айлық шақалақтың өміріне ара түсудің немқұрайлылығын көрсетіп берді ғой. Сонда облыстағы мінсіз қызмет көрсетіп жатқан дақпырт пен даңғазалықтың «картасының» ашылып қалғаны ма?
Ауру сәбиді сұп-суық жерге қалдыра алмағандықтан, шырылдаған шақалағымда алып, Жетісайдың ауруханасынан шығып, ақылы емдеу орнын іздеп кетіп қалуыма тура келді. Біз мұғалімдер отбасымыз, әріптестерімізбен бірге жалғасып сәбимізді емдетуді бір нәрсе етерміз. Ал, сонда қарапайым халық қайтіп күн көрмек? Басқаға жүрсе де, адам өміріне, әсіресе, бала өміріне қатысты денсаулық сақтау саласында немқұрайдылық пен даңғазалық жүрмейтінін ақ халатты жандардың өздері түсінбегені ме?
А.Молдабекова, Жетісай қаласы тұрғыны