БІЗ ХАЛЫҚТЫ БАЗАРДЫҢ СӨЗІМЕН СЕМІРТІП ЖАТЫРМЫЗ
ҚАЙНАР ОЛЖАЙ
Бұрынғы қалам иелерінде жауапкершілік бар еді. Қазір бір газеттің жазғанын екінші газеттен сол қалпы оқисың, тағы он сайт өзгертпей басады. Демек, бүгінгі журналистикада ізденіс жоқ. Қазіргі журналистика жеке адамдарды дәріптейді. Бұрынғы мақалада жалпы халыққа арналған дүниелер көп қозғалатын. Қазір сын көп, бірақ баспасөзде сынның жанры жоқ. Фельетонды ешкім жаза алмайды. Осы күні 1-2 бетте есеп сіресіп тұрады: басшылар кімді қабылдады, бас партия не істеді, өңір басшылары не дейді? Қай басылымға қарасақ та есеппен басталып, мақтаумен аяқталған мақалалар. Бір газеттер тек мақтап, екіншілері тек қана даттап әлек.
Қазір несін айтасың, әлеуметтік желіде әркім өзі би, өзі қожа. Тіпті ресми тіркелген сайттарда корректор жоқ.
Халыққа түсінікті боламыз деп, базардың сөзіне жабысып алдық. Базардың сөзі БАҚ тіліне енбеуі керек еді. «Оқырманға сол жақынырақ» дейтін желеумен берекесі қашқан сөз эфирден айтыла бастады. Біз халықты базардың сөзімен семіртіп жатырмыз.
* * *
Біздің мемлекеттің, ұлттың қателігі – жемқорлыққа жол беріп қойғанымыз. Біз коррупциясы жоқ ел болуымыз мүмкін еді. Біз коррупция дәні етек жайлай бастаған кезде онымен күреспедік. Мысалы, қатерлі ісіктің төрт-бес сатысы болады. Бірінші, екінші-үшінші сатысында оны емдейді. Ал төртінші сатысынан кейін, «әбден тарап кеткен, мұны емдеу мүмкін емес» дейді. Бізде міне, коррупция тура сол қатерлі ісік сияқты әбден дендеп, жайылып кетті. Әу баста, жол бермеу керек еді.
Ал бізде кез-келген байыған әкімнің туған-туыстарын айт – барлығы тек Жерді сату арқылы байыды. Кез-келген қызметте болған әкім, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде, жерді өз пайдасының көзіне айналдырды. Кәсіпорындарды таныстықпен берді. Қазір әкімнің туыстары қыл аяғы мемлекеттен берілетін түрлі қолдаулар бар ғой, мемлекеттен тегін таратылатын нәрселердің өзі осы күнге дейін халыққа әділ таратылмайды. Барлық жерде коррупция. Көлеңкелі экономиканың айналымы Парламентте Үкімет есептейтін мемлекеттік бюджетпен парапар болып қалды. Көлеңкедегі ақшаны ешкім есептей алмайды. Ол есепте жоқ. Ал оның пайда болған себебі – біздің мемлекетте бұрын-соңды болмаған коррупция етек жайды. Жемқорлықтың бірнеше қауіпі бар. Ең алдымен, экономикамызға келетін нұқсаны, екіншіден, әділдік жоқтығын көрген жастардың барлығы шетке кетіп жатыр. Оның себебі, коррупцияның етек жайғанында, жастарға мүмкіндіктің жоқтығында. Егер бүкіл тендер әділ бөлінсе, талапты, жақсы жоба ұсынғандар әділ жеңсе – корруцпия болмас еді. Прокурорға, сотқа кезінде жер керек болды ғой. Ол қалай әкімді соттайды, өзі әкімнен жер алып отырғаннан кейін? Бәрі бір-бірімен сыбайласып кетті. Мұны тазарту мүмкін емес деген деңгейге біз жеттік.
* * *
Біз жері өте үлкен мемлекетпіз. Бізге ешкімді, әсіресе, жастарды сыртқа жіберуге болмайды. Барсын, білім алсын, бірақ қайтып келіп, Қазақстанда жұмыс істесін! Өйткені мынадай үлкен жерде қазақтар жұмыс істеп жүрмегенде, кім жүреді? Іргеміздегі басқа халықтың алды келіп алды, олар енді жайлай береді, өйткені жер босқа жатыр.
Коррупцияға жол бергеніміз – бізді діннен де, ділден де айыруға, жастарды болашақтан айыруға, қазақты жерден айыруға әкелетін бірден бір үлкен қатер. Шетелден жұмысшылардың келуін алсақ та коррупция. Есіңізде ғой, бір қытайлықтың сөмкесінен 200-дей қазақстандық паспорт табылғаны. Ол қайдан шықты? Коррупция бар, біреу беріп қойғаннан шықты. Агенттік құрдық, біресе комитет болады, біресе министрліктің бөлігі болады, күрес деген аты. Коррупция болмағанда, бізде онымен күрес деген де болмайтын еді. Дания мен Швецияға апарған бірде журналистерді. Коррупциясы жоқ мемлекет. Білім тегін. Ал бізде осы карантиннің алдында әншілердің билеттерін мектепке өткізіп, мектептен ақша жинайтынын көрдік. Балаларға «сендер мына концертті немесе спектакльді көресіңдер» дейді, “ата-анаңа айт, 200 теңге, 500 теңге беріп жіберсін” дейді. Балабақшадан басталған коррупция біздің биліктің жоғары сатысына дейін жеткен.
* * *
Мен ойлағам. Рушылдық тоқтай ма деп. Бұл өте қауіпті қасірет. 80-ші жылдың жастары рушыл болмаған. 2000-шы жылдардың басында мектепке кенже балам бара бастағанда, мектепте рушылдық пайда бола бастапты. Ал менің балам мектепке бара сап, “бастауыш класта біз бәлен Найман, бәлен Жалайыр бар екенбіз” деді. Рушылдық мектеп деңгейіне жеткен. Бұл бізді өсірмейді. Бізді құртады бұл. Мұның себебі – ру-руды дәріптейтін кітап көбейіп кетті.
Ойлап қарасаң, міне, бізде бүкіл ұлтты құрған, тұтас елді құрған батырларды біз деген ру-руға бөліп алатын болдық. Ата-атаға бөлінген, шежіре қуалаған кітап әдебиетке айналып кетті. Ру деген бір-ақ жерде керек, жеті атаға дейін қыз алыспауы үшін ғана. Бұл өте маңызды. Бұл – қазақтың ең үлкен тарихи жетістіктерінің бірі. Ал күнделікті тіршілікте, қызметте, мемлекеттік қызметтің, жеке кәсіпкерліктің бір де бір саласында бізге рушылдық керек жоқ. Ал қазір жеке кәсіпкер тек өзінің ғана руын алады. Рушылдық – біздің ұлтымызға дендеген үлкен дерт. Үлкен қатеміз. Бұл қазақты дамытпайды, бұл қазақты кері тартады деп ойлаймын.
* * *
Ұлтты тұтастыратын дүниелер бар, оған тілді, дінді, дәстүрді жатқызамыз. Ауыл қазағында бұлардың бәрі болса, қала қазағында дін ғана қалған сияқты. Тіл білмесе де, мешітке барып, қазақпыз деп жүргендерді білемін. Қазір мұсылман дінінің өзін бірнеше тармаққа бөлдік. Әлгі айтқан қаланың қазағы басқа бағытқа түсіп, қазақылықтан алыстап кету қаупі бар.
Қазақтар бір-бірінің жолын кесуге дайын тұрады. Ауылда біреу монша ашса, екіншісі оны көре алмай, тағы бір монша ашады. Бір жылдан кейін сол моншалардың саны онға жетеді. Рас қой? Ауылда екі дүкен болса, үшіншісін салудың керегі жоқ. Қажет емес нәрседе бәсекелескенді доғарсақ, қазақ материалдық тұрғыдан да, руханияттан да байиды дер едім.