Біздің қазақ үшін қазіргі ұлттық идея — аман қалу және көбею
Нұртөре Жүсіп
Осы күні ұлттық идея туралы жиі айтылады. Қазақ үшін ұлттық идея деген не? Біреулер индустриялық-инновациялық даму дейді. Біреулер ұлттық құндылықтарға негізделген қоғам құру дейді. Біреулер демократиялық азаматтық қоғам орнату деседі… Осының бәрі керек шығар. Алайда, қазақ деген дархан пейіл, ақжүрек ұлтқа бұл заманның бүйрегі бұрып тұрған жоқ. Жан-жақтан еркін ағылған ақпараттар ағыны, мылтықсыз майдан, ұлтты ішінен іріткен індеттер қонақжай қалпыңа, құнды салтыңа, бұрынғы даңқыңа, момақан халқыңа қарап отыр ма?! Біздің қазақ үшін қазіргі ұлттық идея – аман қалу және көбею болса керек.
* * *
Мәңгілік ел болу үшін біріншіден, осы елдің аман болғаны керек. Екіншіден, аман-сау болып тұрып көбеймесең, не болады? Мынау қазақтың жалпақ даласында кім алшаң басып жүреді? Бос кеңістік қашанда ырғын жұрттың ықыласын оятады. Қазір кейбір әкімдер «бос жатқан жер» дегенді жиі айтады. Қазақта бос жатқан жер жоқ. Әрбір ұлтарақтай жер үшін атам қазақ қанын берді, жанын берді. Бұл – болашақ ұрпақтың несібесі. Ал ол несібені оңды-солды саудаға салудың ақыры жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан, бүгінгі қазақ баласы ел болам десе, бірінші кезекте көбеюдің амалын жасауы керек. Сапа саннан шығады.
* * *
Қазақ үкіметі 20 миллиондық межеге жету туралы тамаша сөз айтты. Қазіргі қарқынмен, әлеуметтік мәселелердің қордаланған қалпымен бұл межеге жету оңай емес. Бірақ Қазақстан сияқты аса қуатты, сұмдық бай елге баспана мәселесін шешу соншалықты қиын да емес. Қазір ел-жұрт қалаға ағылды. Бұрын қазақтың өсімін ауыл қамтамасыз ететін. Ауыл бұл функциядан айырылып қалды. Бәріміз оншақты баласы бар үйден шықтық. Қазір жеті бала тапқан анаға Алтын алқа беріп жатырмыз. Сол Алтын алқаның аты болмаса, заты бар ма? Көп балалы анаға қандай нақты жағдай жасалып отыр? Ешқандай!
Біз дүниежүзілік спорт жарыстарында бір адамның тұмсығын бұзып келген спортшыға қандай құрмет көрсетеміз: 250 000 доллар сыйақы бір беріледі; артынан облыстық және қалалық әкімшіліктер жеңімпазға пәтер, қымбат көлік, ақшалай және басқадай бағалы сый-сияпат беріп, үйіп тастайды. Еліміздің көк байрағы көтерілгені жақсы, әрине. Алайда, сонымен қатар көп балалы ананың шаңырағында көне тартқан көк көрпесі жаңарса, айып па? Қазаққа құр алтын әкелгеннен, сол жылтыр металдан мың есе артық алтын ұрпақ әкелетін аналардың жайын кім ойлайды? Әрі-беріден соң, жалтыраған алтын артық па? Жарқыраған халқың артық па?
* * *
Қазақстанда қанша адамның басында баспана жоқ? Қанша адамның бірнеше баспанасы бар? Мұны нақты анықтау құзырлы органдар үшін еш қиындық тудырмайды. Сол сияқты жас отбасыларға кезіндегі «хрущевка» тәрізді, бірақ көлемі оңтайлы, бағасы қолайлы үй салып тастаудың да еш қиындығы жоқ. Қазір жаппай урбанизацияның арқасында қазақ біткен қалада тұруға басымдық беріп отыр. Ауыл – ауыл болудан қалды. «Дипломмен – ауылға!» деп ұрандаттық. Ауылға барып, ұшпаққа кенелген жас маман бар ма? Алдына алтын тостаған қойсаң да, қазіргі жастар ауылға баруға ықылассыз, одан да пәтерде жүрсе де қалада тұрғысы келеді. Ал қала – қазақтар үшін әзірге қайғы ғана.
* * *
Кез келген ертегінің өзегінде өмір жатады. Егер біздің еліміз шын мәнінде Мәңгілік ел болсын десек, қордаланған мәселелердің шешімін табуға көп болып ұмтылуымыз қажет. «Қолжетімді баспана» деген де жемқорлық пен парақорлықтың ордасына айналды. Биік мінберден Мемлекет басшысы бұл бағдарлама төңірегіндегі былық-шылықтарды орынды сынады. Жыл сайын Қазақстанда тұрғын үй салынбай жатқан жоқ. Соған қарамастан тұрғын үй кезегі көбеймесе, азаятын түрі көрінбейді. «Жетім бұрыш» анау – қалаға келген қазақтың бәрі әлі күнге дейін сол орамды жағалап жүр. Экономикамыз өсті, өркендеді дегенді жиі естиміз, өзіміз де жиі жазамыз. Әкімдер де «ананы істедік, мынаны бітірдік» деп есеп беріп жатыр. Аймақтағы өмір сүру көрсеткіші қалай? Халықтың тұрмыс деңгейі қаншалықты жақсарды? Өлшем осы болуы керек. Біз қаптатып қанша үй салғанымызбен, тұрғын үй кезегін азайта алмай отырмыз. Неге? Бір басына бір емес, үштен, бестен, оннан пәтері бар адамдар толып жатыр. Астанада бір өзінде жүзге тарта пәтер рәсімдеген азамат бар екен дегенді БАҚ бетінен оқып жағамызды ұстағанбыз.
Тұрғын үй – таза бизнес. Қазаққа зауыт салудың, жаңа кәсіп түрін игерудің еш қажеті жоқ. Амалын тауып, бірнеше пәтер жасасаңыз бітті, жалға бересіз де пайдаға шаш-етектен кенелесіз де отырасыз. Пайда табудың оңай жолы осылайша кең өріс алып отыр. Астана мен Алматыда үлкен көшелердің, вокзалдар мен көпшілік жүретін орындардың алдында бір қолына бірнеше пәтердің кілтін ұстап жүрген қыз-келіншектерді көрген де шығарсыз. Шынайы пәтер иелері осындай делдалдар арқылы орасан пайдаға кенеліп отыр. Мемлекет шындап қаласа, бұл мәселені бір күнде реттей алады. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, бұған да ешқандай ниет байқалмайды.
* * *
Қазақтың үлкенді сыйлау деген тамаша дәстүрі бар еді. Қалада сол жойылды. Қазақтың намыс деген үлкен ұғымы бар еді. Қалада сол жоғалды. Қала жастары қазір мынау үлкен екен деп жасы егде тартқан адамның өзін де, сөзін де сыйламайды. «Мамбет» деп мазақ қылады. Қазақтық қасиеттің бәрі қазір осы бір-ақ ауыз «Мамбет» деген сөзге сыйғызылды. «Мамбет» деген с.ғ.с. Мұхаммед пайғамбардың есімінің дыбыстық өзгерістерге түскен түрі. Қаладағы қазақ жастары өз дінін адам құсап құрметтей алмай тұр. Сосын несін сұрайсыз? Қазақты қазақ қылып келе жатқан екі нәрсе еді. Мұны қарасөзінде Абай атамыз қадап тұрып айтып кеткен. «Бірі – үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау, «екіншісі – намысшылдығы» деп. Осының екеуі де жоғалып барады деп зар қағып еді, жарықтық! Қазіргі қала қазағында осы екеуі, ең алдымен, намыс жоқ.
* * *
Ақиқатты айтып отырмын. «Ойбай, біз мықты халықпыз» деп кеуде қағудан мен де қашпаймын. Бірақ шынайы жағдайға келейікші. Қала көшелерінде тәнін саудаға салған қазақ қыздарының бәрі қайдан шықты? Солардың бәрі тұлдыр жетім бе? Олардың әке-шешесі, туыс-туғаны, ағайыны жоқ па? Ағасы, жездесі, нағашысы, апасы, әпкесі жоқ па? Бәрі бар. Бәріміз мұның азғындық екенін жақсы білеміз. Азғындықтың ақыры тексіздікке әкеледі. Тектісі азайған елдің кектісі көп болады. Ат төбеліндей қазақ осындай пұшайман халге қалай түсті? Өз қызы, өз баласына дәрмені жүрмейтін бейшаралықтың себебі неде? Қалаға келген қазақ елдігінен айырылды. «Ел» деген үлкен ұғым еді. Қазақтың шалдары жас баладан жөн сұрағанда, «Қай елсің?» деп сұрайтын еді. Бала өз руын, шыққан тегін айтатын. Жәй ғана тайпалық түсінік емес. Үлкен елдік ұғым. Міне осы ұғым қала қазағында «өлуге» қарады. Неге? Өйткені қалада қазақтың өмір сүру қағидасы жоқ. Құндылықтар аяққа тапталды. Отбасы құндылығы құруға айналды. Ең бастысы – қаладағы қазақ намыссыз тобырды құрап отыр. Өзбектерде «махалла» деген бар. Біздіңше, квартал деген сөз ғой. Әр кварталдың өз үлкені бар, жасы кіші адам соған тоқтайды. Өзіндік тәртіп бар. Соған сай дәстүр өзгерген жоқ. Ұлт ретінде өзбектің намысы өлмеді. Бізде бәрі керісінше. Үлкен сыйлау дәстүрі жоғалып бара жатқанын айттым. Намыссыздық өршіп тұрғанын екінің бірі біледі. Қазақты құтқаратын нәрсе – осы екеуі. Өзінің тегін білу маңызды. Бөліну үшін емес. Өзінің Ел екенін білу үшін. Сол Ел үшін намысқа тырысу. Ұлттық рух деген сол. Басқа ешқандай жол, амал-айла бізді тығырықтан алып шыға алмайды.
* * *
Тектілік әдептіліктен басталады. Мәдениетсіз қоғам – мешел қоғам.
Мәдениетсіз мемлекет – мертіккіш мемлекет…
Мәдениет ауылынан алыстаған сайын мәдениетсіз тобыр көбейеді. Мәдениетсіз тобыр – қылмыстық шоғыр құрайды…
Бір қазақ өлсе, бар қазақ өлгендей қайғыруды қаперден шығардық.
Бар қазақ өлсе, бір қазақтың қайғырғанынан келер пайда не?!
Әр қазақтың өмірі – бір қазаққа, бір қазақтың өмірі – бар қазаққа байланып тұрған жоқ па?! Абай болайықшы, ағайын!
Елмен елдің тілінде сөйлесу керек.
Елдің тілін ел білетін адам табады.
Елдің жайын елдің мүддесін ойлаған адам айтады.
Қазақтың жақсы аты шықса, бәріміз қуанамыз. «Атың шықпаса – жер өрте» дегенді де айтқан бұл қазақ. Өртпен шыққан ат ерте өшеді. Өсекпен шыққан ат та солай.
Абай мінеген қазақ мінезі әлі өзгере қойған жоқ. «Өз мінін білген кісі – екі кісіге төрелік айтады» деген нақыл сөз бар. Қазақтың ендігі ыңғайы елдік, егемендік, мемлекеттік мәселелерді ұлт пайдасына орай шешуде жатыр.
Ұлттан безу – ұяттан безу. Ұяттан безу – аяттан безу.
Ар мен аятты бәрінен жоғары қойған ел едік. Сырт-тан таңылған, өз ішіміздегі ірілі-ұсақты жалпақбайлардың жалбағай жағымпаздығы мен сатқындығы танылған, басқалардың өмір сүру үдерісіне бағынған жаңа қалыпқа түстік. Мыңды, миллионды сатып алу мүмкін емес, ал бір немесе бірнеше адамды сатып алу оңай.
* * *
Бір жағдайды айтайын. Жапонияда Юкиа Мисима деген күшті жазушы болған. 40-қа тарта кітап жазған. Киноға түскен. Жан-жақты талант иесі. Жапония Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін барар жер, басар тау таппай тығырыққа тірелген екен. Ел-жұрт өзінің атадан келе жатқан салт-дәстүрінен жерініп, жаппай американдық өмір сүру салтына ауыса бастаған. Сондай бір қалың ел дағдарысқа түсіп, не істерін, қалай боларын, қайтіп дамитынын білмей дағдарған тұста әлгі Юкиа Мисима бір топ жақтастарымен Токио телеарнасын басып алады. Тікелей эфирге шығып, өздерінің мұндай әрекетке не үшін барғанын айтады. Жалпы мазмұны мынадай:
«Айналайын, халқым, жапоным. Сен кім едің? Енді кімсің? Сенің керемет салт-дәстүрің бар еді ғой. Содан неге жеріндің? Сенің тамаша тарихың бар еді, сенің ғажап әдет-ғұрпың бар еді. Соның бәрінен неге безіндің? Енді қайда барасың? Кім боласың? Мына түріңмен елдіктен айырыласың ғой. Елдігінен айырылған елде ерік бола ма? Берекесі кеткен елдің босағасы берік бола ма? Ойлан! Ойлан, жапоным. Мұндай тығырыққа тірелген сәтте бұрынғы ата-бабамыз – самурайлар не істейтін еді? Харакири жасайтын. Ел болам десең, міне, мен – еркек тоқты құрбандық! Құрбандығың болайын! Бірақ сен ақылға кел! Дәстүріңе, салтыңа қайта орал. Сонымен ғана жапонсың. Жапон болғың келмесе, жұтыласың да кетесің!» деп өзінің қарнын жарып жібереді. Қып-қызыл қан. Бүкіл Жапония мұны тікелей эфирден көреді. Сөйтіп, ел есін жияды. Ата дәстүріне қайтады. Бізге өйтіп қарын жарудың қажеті болмас. Бірақ ата дәстүрге қайтуымыз қажет.