«БОЗБАЛА МЕН БОЙЖЕТКЕН –2022»: АБЫЛАЙХАН МЕН АЯУЛЫМ БАЙҚАУДЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Бүгін Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні. Елімізде ғашықтар күнін тойлау дәстүрге айналған. Осыған орай, қаламызда Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» байқауы өтті.

– «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу эпосы» – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бұл мәңгілік махаббат символы күніне айналып үлгерді. Мерекені атап өту жастар арасында кең тарап, қазақтың құндылығы мен қайталанбас дәстүрі дәріптеліп келеді. Бұл байқаудың мақсаты – ұлтымыздың салт-дәстүріне байланысты жастарды әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу. Жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын   арттыру, — деді алғаш сөз алған жауапты басқарма өкілі Мұхтар Төлепов.

Жалпы, байқауға қатысуға оқу орындарынан 50-ге жуық жұп  қатысып, соның ішінде 8 жұп «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» байқауына жолдама алған.

Үш кезеңнен тұрған байқауда үміткерлер өз өнерлерін көрсетіп, қазақ халқының әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрінен қойылымдар қойып, өз білімдерін сынға салды. Сахнада талантты жастар ұлттық киімде шығып, тарихымызды, салт-санамызды паш етіп, көрермендердің көңілінен шықты. Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жастары – Абылайхан мен Аяулым І орынды иеленді. Осы оқу ордасынан келген жұп  Бексұлтан мен Сымбат – ІІ орын, Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің дарынды жұбы Сәкен мен Ару – үшінші орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.  Өзге де қатысушылар «Көрермен көзайымы», «Парасатты жұп» «Креативті жұп» «Өнерлі жұп», «Жарасымды жұп» номинацияларымен марапатталды.

Айдана МҰХТАРОВА,

Фото Серік ҚОСАЕВ

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.