Бозымбаев бензин бағасының қашан түсетінін айтты
Энергетика министрлігі Ресейден бензинді қымбатқа алып, халыққа арзанға сатуға мәжбүр. Ал, көрші отынының литрі қазынаға 10 теңгеге қымбатқа түседі екен. Бозымбаев бастаған ведомство бұндай жомарттықтан басқа әзірге тапшылықтан құтылудың амалын таппай отыр, деп хабарлайды Nur.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Елдегі бензин тапшылығы келер аптада түбегейлі шешілуі тиіс. Бұл үкімет отырысында көптің күткен басты мәлімдемесі. Энергетика министрлігі жағдайды түзеудің екі жолын қарастырып отыр.
Оның бірі – Ресейден алдырту. Келесі аптада 100 мың тонна импорттық отынның соңғы легі елге жетеді. Ал бағасы жоқтан тәуір.
«Бізде төрт үлкен станциялар жүйесі бар. Олар импорттық бензинді алып келеді де өзіміздің қазақстандық бензинге қосады. Онда бағасы осы 161 теңгеден аспайтын болуы тиіс», — дейді Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Қанат Бозымбаевтың қосады дегені бензинді сапырылыстыру емес, импорт пен отандық өнімді әр бекетке тең үлестіріп, бір бағамен сату. Бензиннің құны жайында да министрдің нақты есебі емес, болжамы ғана бар.
«Болжам бойынша қараша айының екінші жартысында бензин бағасы төмендеуі мүмкін. Қаншаға? Қазір айтуға қиындау, бірақ төмендеуі мүмкін«, — деді министр.
Министрдің болжамы келсе, зауыттарымыз толық қуатына шықса, бензин желтоқсанда бес-алты теңгеге арзандайды.
Фото интернеттен алынды.