Буддизм діні
Ғалымдардың айтуынша, тұңғыш әлемдік дін – будда діні б.д. дейінгі VI ғасырда көне Үндістанда пайда болды. Қазіргі уақытқа дейін ол Оңтүстік, Шығыс-Оңтүстік, Шығыс және Орталық Азияға кеңінен таралды. Будда дінін ұстанатындардың бір бөлігі Еуропада, Солтүстік және Оңтүстік америкада өмір сүреді.
Қазақстандағы будда діні. Қағанаттар дәуірінен көне түркілердің Тәңір дінін ұстанып келгені белгілі. Сонымен қатар Ұлы Жібек жолы арқылы түркілер даласына жаңа дәуірдің бас кезінде өзге мәдениет үлгілері де, соның ішінде будда діні де ішінара тарала бастады. Әсіресе II-ІІІ ғасырларда соғды, парфия және қаңлы дін уағызшылары белсенді әрекеттер жасады. Бірақ, будда дінінің VІ ғасырға дейін қоғамға елеулі ықпалы болды деп айта алмаймыз. Тек VІІ ғасырдың алғашқы жартысында ғана батыс түркілердің кейбір ел басшылары будда дінін қабылдап, оның орнығуына ынта білдірді. Мәселен, VІ ғасырға жататын соғды тіліндегі Бугут жазбаларында Таспар қағанның өз сарайына соғдылық буддашыларды алдырып, арнайы храм салдыртып, буддашылар қауымын құрып, осы ілімді мемлекеттік дінге айналдыруға жасаған ұмтылыстары туралы деректер жеткізіледі.
Бұдан қағандардың будда діні негізінде әлеуметтік-этникалық құрылымы әртүрлі қағанаттың басын біріктіретін ортақ идеология жасауға ұмтылысы байқалады. Бірақ, 551 жылы басталған саяси дағдарыс және осыдан кейін қағанаттың ыдырауы бұл процесті тоқтатып тастады.