Бұрынғы балалар үйі ғимаратының астынан 400-ден аса баланың денесі табылған
Бұрынғы балалар үйі ғимаратының астынан 400-ден аса баланың денесі табылған, деп жазады reactor.inform.kz сайты, Life.ru сайтына сілтеме жасап.
Sunday Post басылымы BBC-мен бірлесіп тергеу жүргізді. Нәтижесінде Шотландиядағы Ланарк қаласында орналасқан бұрынғы балалар үйі ғимаратының астында жүздеген баланың бірге жерленгені белгілі болған.
Smyllum Park Orphanage балалар үйіндегі 400-ден аса бала Сэнт-Мэри бейітінде бір қабірде жерленген. 1864 жылы ашылып, 1981 жылы жабылып қалған балалар үйі мыңдаған балаға пана болды. 2004 жылы бұл мекемеде балаларды тым қатыгездікте ұстағаны туралы ресми хабарланған болатын.
«Жазылмаған қабірлерде осыншалықты көп бала жерленгенін білгенде жүрегіміз қарс айырылды. Осынша жыл үндемей келдік, енді бұл жерде шын мәнінде не болғанын айтуымыз керек», — деді Шотландияның бұрынғы бірінші министрі Джек Макконел.
Қазіргі уақытта балаларды қатыгездікпен ұстағаны туралы тарихи хабарламаларға сәйкес балалар үйінде ресми тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұрын бұл балалар үйі қарамағында болған «Қайырымды әпкелер» өкілдері зұлымдыққа қатысты ешқандай ресми дәлелденген ақпарат жоқ екенін айтып, тергеу жұмыстарымен серіктес болуға дайын екендіктерін жеткізді.