ДАҚПЫРТҚА БОЙ АЛДЫРҒАН ДАРАҚЫЛЫҚ

Соңғы кездері медаль-марапаттардың құндылығы қалмай бара жатқаны жайлы жиі айтылатын болды. Ол негізсіз де емес. Бұрындары елге еңбегі сіңген, бұқара алдында абырой-беделі бар санаулы адамға ғана берілетін марапат бүгінде екінің біріне үлестіріле беретін болды. Тіпті, аты дардай марапат алғандардың арасында нәпсісін тия алмай істі болғандар да, қабілет-қарымы жетпей ұятқа қалғандар да бар.

Қазіргі таңда біреу-міреудің марапат алғанына құтты болсын айтсаң, құдды мазақ етіп тұрғандай әсер қалдырады. Шын мәнінде сол атаққа лайық болса, ол адамды ел де құрметтейді. Ал, атақ-марапат «адасып» келіп қалған болса, оны қанша жерден мақтап-мадақтасаң да, құрметтеп төрге шығарсаң да ел адындағы абырой-беделінің көтеріле қоюы қиын. Жыл соңына таман жаңбырдай жауған медаль-седалдардан кейін ел арасында алып-қашпа әңгіме де көбейді. Бірі медаль таққан адамның шын мәнінде соған лайық екенін тілге тиек етіп, бұған дейін атқарған игі істері мен ілкімді жұмыстарын тізбелеп жатса, енді бірі ел ішінде ондай мадақ-марапатқа тағы кімдердің лайық екенін еске салып жатты. Ал, атақ-дәрежесі алған марапатына лайық еместерді ел одан сайын масқаралап, қуақы тілімен қуырып, әжуалап жатқаны да жасырын емес. Тіпті, ел ұмыта бастаған кейбір кемшіліктері де қайта жаңғырығып, бұған дейін жіберген кейбір кемшіліктері мен пендешіліктері су бетіне қалқып шығып қалды. Осыдан кейін «Атақ иесін тапса мереке болады, атақ адасып кетсе келеке болады» дейтін кейбір қуақы тілді ағалардың сөз тапқырлығына қалай тәнті болмассың?!

«Құтты болсын!».

Өткен жылдың соңына таман, жаңа жылдың қарсаңында өмірде де, әлеуметтік желілерде де ең көп айтылған сөз осы болды. Әрине, жылдың жетістіктерін айтып, оған атсалысқандарды марапаттайтын тұста, әрі сол айдың бас-аяғы айтулы іс-шаралар мен мерекелік көңіл-күйден тұратындықтан бұл сөздің жиі айтылуы заңды да. Шын ниетпен айтылып жатқан құттықтаулардың жөні бөлек қой, әйтсе де кейбір «құтты болсынның» ар жағынан нағашы мен жиеннің, жезде мен балдыздың тар жерде бір-бірін тұқырта қояйын деген сияқты әзіл-қалжыңының ұшы көрініп қалып жатқандай болады. Әсіресе, медаль-седал сияқты арзанқол атақтар мен жөн-жосықсыз үлестіріліп жататын марапаттар елдің мазағына айналып бітті.

Мазақ демекші, осындайда қай-қайдағының еске түсетіні бар. Екі мың бесінші жылдары болса керек, Шардара ауданында бірқатар тыңгерлер марапатталды. Әрине, тақыр жерден тау тұрғызып, жазық жерден қала салған тыңгерлерге елдің құрметі қашан да ерекше. Бірақ, сол құрметті қыл үстінен бөліп, өз қарамағындағыларға қарай бұрған аудан басшысы қызу үстінде біраз қызметкерлерін жарылқап тастайды. Ертеңіне «Тыңгерлер марапатталды» деген тақырыппен шыққан мақалада әкімнің екі орынбасары мен аппарат басшысына медаль тағып тұрған суреті жарияланды. Сол-ақ екен, Қызылқұмды қолмен құраған құрыш білекті құрылысшылар мен жастық шағын Шардараның іргесін қалауға арнаған алдыңғы толқын ағалардан арыз-шағым редакцияға қарай қарша борады. Кесіп сөйлейтін кесек мінезді ағалардың алды, тіпті, аудан әкімін кетсін деп ұрандатып та жатты. Содан не керек, қолда тұрғанда қоныштан басып, үлкен қателікке жол берген әкім одан кейін оңбады. Оны айтасыз, жалған атаққа малданып марапат алған жас жігіттерді де дуалы ауыздың киесі ұрды-ау, кейіннен бірінің ізін бірі жалғап жұмыстан кетті.

Жалпы, әр нәрсені өз өлшеміне қарай шешпесе арты жақсы болмайтынын өмірдің өзі көрсетіп жатыр емес пе?! Ал, өлшемі қандай болуы керек дегенге келер болсақ, бірінші кезекте көпшіліктің пікіріне құлақ асқан жөн. Мысалы, бұрындары мұндай мәселе кәсіподақ арқылы әділ шешіліп жататын. Алдымен ұжым қызметкерлері өзара біреуді ұсынып, ол бастауыш кәсіподақта қаралып, кейіннен бәрінен қолдау тапқан соң ғана марапатқа қол жеткізетін. Осындай сынақтардан өткен соң ол марапаттың да қадірі жоғары-тұғын. Қазір жағымпаздар мен жандайшаптардың дәуірі жүріп тұрғаны сонша, баласының қызметіне қарап әкесін, әкесінің абырой-беделін алдыға салып «мұрынбоқ» баласын марапаттап жатады. Тіпті оның кім екеніне, қандай қызмет сіңіргеніне де қарамайтын болды. Есесіне, нағыз еңбек ерлері мен ел құрметтілері елеусіз қалып жатыр.

Иә,Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаған қазақ елі үшін бұл мерекенің қаншалықты қымбат екенін айтып жатудың өзі артық. Оған қуанбаған қазақ жоқ. Дегенмен, кейде осындай құндылықтардың орнын дақпыртқа толы дарақылықтар алмастырып жататыны өкінішті. Қоғамның үніне құлақ түріп көрсеңіз, көпшіліктің бұл мәселеге байланысты өкпесі қара қазандай. Бірақ, қалың ел қарсы пікір білдіріп жатыр екен-ау деп елең етіп жатқандар және жоқ. Осындайда Абай атамыздың «Қайран сөзім қор болды-ау!» дегені еске түседі.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.