Дала орман өрттерін алдын алу

Тілсіз жау адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, ел экономикасына айтарлықтай материалдық шығын әкеледі. Негізінде, өрт жаздың қатты ыстығында, ұзақ уақыт жауын жаумай құрғақшылық болғанда жиілейді. Ал орманды және дала алқабының өртенуіне шөптің өздігінен жануы басты себеп. Сонымен қатар, орман өртінің 80 пайызға жуығы тұрғындар еңбек етіп немесе демалып жатқан жерлерінде өрт қауіпсіздігін сақтамауынан, орманда ақаулы техниканы пайдаланудан орын алуы мүмкін. Демек, дала өртінің негізгі себептерінің бірі – адамның отқа ұқыпсыз қарауы, яғни, орманда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы. Бір өкініштісі, орманға келушілердің көбі өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныс емес,  отты сақтықпен пайдалануға дағдыланбағандардың қатары көп. Негізінен, жанып тұрған сіріңкенің шиін, темекі тұқылын жерге тастау, бекітілмеген жерлерге, қылқан жапырақты жас екпелерге, бұрын жанған ағаштарға, орманның зақымдалған учаскелерінде, сондай-ақ, ағаш бұтақтарының астында және кепкен шөбі бар жерлерде от тұтатпау қажет.

Орман өрті орын алса, әсіресе, ұзаққа созылған қуаңшылық жылдары жүздеген гектар жерге таралып, жалыны тиген жердің бәрін тып-типыл етеді. Орман өртінің табиғатқа келтіретін зияны аз емес.  Өйткені жасыл-желектің қайта қалпына келуі үшін ондаған жылдар қажет. Өрт бола қалған жағдайда орманның табиғи қайта түлеуі жойылады. Зиянды орман жәндіктері орман өртінен нашарлаған сүрек-діңдерге қонып, тез көбейе бастайды да, кейіннен олар жанында өсіп тұрған сау ағаштарға ауысып, оларды зақымдап, шірітеді. Қызыл жалын орман ішіндегі құстардың ұясы мен жан-жануарлардың қоректік базасын да жояды.

Ал орман өртінің алдын алу үшін алдымен адамдар табиғатты пайдалану мәдениетін меңгеруі қажет. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу бір адамның немесе бір мекеменің жұмысы емес, барша адамзатқа ортақ міндет. Яғни, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қоғам тыныштығының кепілі. Бастысы, жұртшылық өрттің туындауына жол бермеу үшін барын салуы қажет. Орман және дала өртінің алдын алу және жою мәселесі әрқашан басты назарда болып, аталған табиғи апатқа қарсы әрекет етуге дайын болуымыз қажет.

 

Шымкент қаласындағы № 5 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары

            азаматтық қорғау капитаны Ерсұлтан Атабай

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.