Даламыздың үнісің сен, домбыра!
«Бабамыздың мұңысың сен, домбыра,
Анамыздың сырысың сен, домбыра.
Қазағымның жүрегінен жаралған,
Даламыздың үнісің сен, домбыра!», — деп ұлы ақын ағаларымыз жырларына арқау еткен «Ұлттық домбыра күні» бүгін.
Домбыра – қазағымның қазынасы. Жуырда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойды. Бабамыздан қалған асыл мұраны, қазағымның қара домбырасын дәріптеудің орны ерекше. Бүгін республиканың түкпір-түкпірінде домбыра күні кеңінен аталып өтуде.
Осы орайда, Шымкент қаласында мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Шараға қала тұрғындары, әкімдік қызметкерлері мен БАҚ өкілері қатысты. Күннің ыстығына қарамай, дендросаябаққа жиналған тұрғындардың қарасы қалың.
Көрермендер домбырашылардың флеш-мобын тамашалап, бір мезетте мыңға жуық өнерпаздың орындауындағы қазақтың күйін тамашалады. Бұдан кейін тұрғындарға қазақы нақыштағы көрме мен домбыра жасаудың шеберлік сағаты ұсынылды.
Бұл күні қаладағы өзге де саябақтар мен мәдени орындарда мерекелік шаралар өткізілсе, қоғамдық көліктерде қазақтың қоңыр күйі мен термесі орындалды.