ДАРХАН САТЫБАЛДЫ АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістандық балалар ағылшын тілін тегін үйренеді. АҚШ Елшілігінің «English Access» бағдарламасы мұқтаж отбасылардан шыққан балаларды ағылшын тіліне, сондай-ақ жеке өсу, цифрлық сауаттылық, еріктілік дағдыларына үйретуге бағытталған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Натан Розенблум бастаған делегациямен кездесуі барысында айтылды.
Кездесуде тараптар экономикалық өркендеу, жасыл энергетика мүмкіндіктері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, білім беру, ауыл шаруашылығы бағытын дамыту мен қолдауға байланысты мәселелерді талқылады. Тараптар білім беру саласы бойынша ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері туралы да мәселе қозғады.
– Түркістан өңірі – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және орасан зор инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Біздің өңірде өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға мүмкіндік бар. Түркістан облысы –климаттық жағдайына байланысты республикадағы мақта егетін жалғыз аймақ. Бүгінгі таңда өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, туризм мен білім саласына қатысты жаңа жобалаларды бастаймыз. Техникалық бағытта ІТ саласында бет бұруға күш салынған. Сондықтан жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарлануда,–деген Дархан Сатыбалды АҚШ-пен бірлескен кәсіпорындар құруға және шетелден инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді.
– Дипломатиялық миссия аясында Қазақстанның барлық өңірлерін аралауға тырысамын. Өңірдегі жағдаймен танысу үшін Түркістан облысына араға 29 жыл салып, алғаш келуім екен. Әрине орасан зор өзгерістерге куә болдым. Біздің сапарымыздың алғашқы бағыты білім саласына байланысты. «English Access» бағдарламасы мұқтаж отбасылардан шыққан балалардың ағылшын тілін үйренуіне үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, ауыл шауашылығы саласы да мыңызды. Фермерлерді саланы дамытудың қыр-сырын үйретуге арналған жобалар бар. Тағы бір бағыт – адам саудасымен күрес, – деп атап өтті Дэниел Розенблюм.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін айтты.
2018 жылдан бастап Түркістан облысына 5,8 млрд. АҚШ. доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика сияқты салаларға инвестиция бағытталды. 2027 жылға дейін өңір экономикасына шамамен 6,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар есебінен 200-ге жуық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру күтілуде. Облыста бірлескен жобаларды іске асыруға қазақстандық және америкалық компаниялар тартылуы мүмкін.