ДАРХАН САТЫБАЛДЫ МАҚТААРАЛДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан тұрғындарымен есепті кездесулері Мақтаарал ауданында басталды. Кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттары түсіндірілуде.
— Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданның әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуын өздеріңізбен бірге атсалысамыз. Осыған дейін өткен кездесуде маңызды мәселелерді көтерген едіңіздер. Оларды жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мырзакент кентінде спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде (881,4 млн. теңге), кешен пайдалануға осы тамыз айында тапсырылады. Атакент кентінен дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің құрылысына 200 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталатын болады. Одан бөлек, Еңбекші және Жамбыл ауылдық округтерінен мәдениет және кітапхананың құрылыс жұмыстары басталып, осы жылы аяқталады. Бірлік ауылдық округі, Өркениет елді мекенінде 200 орындық мектеп құрылысына қаржы қаралып (970,1 млн. теңге), осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Азаттық елді мекенінің ауыз су жүйесіне республикалық бюджеттен 341 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Келер жылы ашылады,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Аудан қайта құрылғалы бері 5 жыл уақыт аралығында жалпы ішкі өнім көлемі 2 есе өсіп, былтыр 81 млрд. теңгеге жеткен. 2023 жылдың 6 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 10 млрд. теңгені құрап, 10 пайызға өсіп отыр. Өсімдік шаруашылығы былтыр 841 млн.теңге, мал шаруашылығы 9,3 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,8 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,8 есе өсіп, былтыр 9,7 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 2 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.
Былтыр негізгі капиталға 22,5 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен 12 млрд. теңге инвестиция тартылды. Ауданда 2023-2025 жылдары 47 млрд. теңгеге 17 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылдың 6 айында 5,3 млрд. теңгені құраса, 2023 жылдың тиісті кезеңінде бұл көрсеткіш 2,6 есеге артып, 14,4 млрд. теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 2022 жылдың 6 айында 3,6 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылы 3,5 есеге артып, 12,4 млрд. теңгеге жеткен.
Осыдан бес жыл бұрын жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 22,3 пайызды құраса биыл бұл көрсеткішті 78,5 пайызға жеткізу көзделген. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 жылда 117 көшеге 2 млрд. 757 млн. теңгеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы уақыт аралығында 100 шақырымнан астам жолға тас төселген. Соңғы 5 жылда ауыз сумен қамтылған тұрғындардың саны 15,9 пайызға артып 97,1 пайызды құрады. 18 мың 477 абонент табиғи газға қосылған. 12 елді мекенде жүргізіліп жатқан жеткізуші газ құбырының құрылысы (1 млрд. 972 млн. теңге) биыл іске қосылады. «Мақтаарал» автоматты газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары биыл аяқталмақ. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 9 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіліп, газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға артады.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары салынып жатыр. Мектеп саны 51-ге жетті. Төрт елді мекенде 200 орындық мектептер салынып жатыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде аудан аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 1500, 900, 600 және 300 орындық 5 жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда. Олар алдағы екі жылда пайдалануға беріледі.
Екі емхана, дәрігерлік амбулаториялар және фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді. 4 елді мекенде жаңа медициналық тірек салынды. 2023 жылы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылға Мақтаарал ауданы бойынша 5 медициналық нысандар салыну жоспарланып отыр. Спорт саласын ары қарай дамыту мақсатында 2019-2022 жылдар аралығында Мақтаарал аумағында 12 кіші футбол алаңшалары салынған. Салынып жатқан спорт нысандарының арқасында ауданның спорт инфрақұрылымы жақсаруда. Премьер-Лигада Түркістан облысы атынан ойын көрсетіп жүрген «Мақтаарал» футбол командасы жас ұрпақтың жан-жақты дамуымен бірге тәрбиесіне де ерекше әсерін тигізуде. Ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 2023 жылдың 6 ай қорытындысымен 53 138 адамды құрап, аудан халқының 41%-ға жетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі