ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУДІ ЖҮКТЕДІ

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды штаб мүшелерімен бірге Арыс қаласына барып, аса қауіпті үйірлі шегірткенің марокколық түрімен күрес жұмыстарының барысымен танысты. Өңделген аумақтарды аралап, мамандармен биологиялық тиімділікті бақылаған әкім жауапты мердігерлер мен ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің және Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысылығымен кездесті.

Облыс әкімі бірер күн бұрын басталған химиялық өңдеу жұмыстары бойынша жауаптылардың жұмысын сынға алды. Қазіргі ахуалға алаңдаған аймақ басшысы жауаптыларға қосымша талап қойды. Оларға жауапкершілігін арттыруды ескертті.

Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Еліміз бойынша шегірткемен күрес жұмыстарына ҚР ауыл шаруашылығы министргі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жауапты.

Облыс әкімі болжамшылардың мәліметімен өткен жылмен салыстырғанда биылғы таралу аймағының бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқанын айтты. Тиісінше, шығын да өскен. Аймақ басшысы келер жылы оның көлемін 3 есе азайту бойынша жұмыс жүргізу керектігін ескертті.

Өңірде қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеді.

– Барлық жауапкершілік сіздерде. Сондықтан химикат та техника да жеткілікті болу керек. Жұмыс толық өздеріңіздің қолдарыңызда. Ал, жауап беретін — біз. Сондықтан проблемаларды ортаға салып, оларды шұғыл шешу керек. Күн ысып кетті, сондықтан әрі кетсе 10 күнде жұмыстарды толық бітірген жөн. Жауапкершілік жүгі ауыр болғандықтан ешқандай олқылыққа жол жоқ. Қосымша техника тарту жұмысын күшейтіңіздер. Ең тиімді саналатын әуемен залалсыздандыруды аумағын арттыру керек. Қаражат бөлінген. Жұмысты ширату туралы нақты ұсыныстар әзірлеп, оны жүзеге асыруға кіріскен жөн. Міндеттеме алған жауапты мекеме зиянкестерді жойып үлгермей қалса, шаруалар шығынын мойындарыңызға аласыздар. Болжам жасаушылардың берген мәліметі нақты болмай шықса, олардың да жауапкершілігін қарау керек. Жер сипап қалмау үшін егістік алқаптарды зиянкестерден уақытында қорғау қажет. Қапы қалсақ, диқандар төгілген тері ақталмай, шығынға батуы мүмкін, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға тапсырмалар берді.

«РФДжБӘО» РММ Түркістан облыстық филиалына белгіленген аумақтарда анықтау-зерттеу жұмыстарын уақтылы жүргізіп, күнделікті экономикалық зиянды шегінен асқан аумақтардың зерттеу актілерін ұсыну міндеті жүктелді. Химиялық өңдеу жүргізуге жауапты мердігер компанияларға өңдеу жұмыстарына қосымша техникалар мен ұшақтар тарту және бұдан әрі «Тиаметрин» препаратын қолдану, оның бір реттік шашу нормасын барынша ұлғайту жөнінде тапсырма берілді.

Түркістан облысы марокко шегірткесі көп таралған өңір болып табылады. Атап айтқанда, негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болып табылса, соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара және Отырар аудандарында да кездесуде. Күрес жұмыстары жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, әуемен,аспалы бүрікішпен және ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңделеді.

Фитосанитариялық шаралардың жүргізілуіне облыстық аумақтық инспекция тарапынан 20-дан астам жұмыс тобы, 40 инспектор, өзге облыстардан, болжам орталығынан 100-ге жуық маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысуда.

Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер компаниялар болып, жер үсті бүріккіш техникалармен «SATTI TULIK»және «Защита Растений-К» ЖШС-рі, ал әуе ұшақтарымен өңдеуге «Авиакомпания Дельта-ЮГ» ЖШС-гі анықталды.

Аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстары ауа райы ерекшеліктеріне қарай аудандарда жаппай сәуір айының 16-ы күнінен басталды. Бүгінгі күнге облыс бойынша 15 мың га марокко шегірткесінің ошақтары химиялық жолмен өңделіп отыр.

Химиялық өңдеуге имидаклоприд, лямбда-циголотрин тобындағы «Пиларкинг в.к.», «Тиаметрин с.к.» және «Карат супер к.э.» препараттары қолданылуда. Мамандардың айтуынша, оның малға, шөпке зияны жоқ.

Түркістан облысы аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылдың қаңтарында облыс әкімінің өкімімен «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру»жұмыстарын жүргізетін штаб құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасары, жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдері енгізілген.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.