ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі шыбын-шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстарымен танысу мақсатында Шардара ауданы, Өтеғұл шағынауданындағы алқапқа барды. Бүгінде мұнда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі жұмысты сапалы атқаруды тапсырды. Жыл басынан бастап бұл жұмыстарға ғылыми сүйемелдеу жүргізілуде. Бұл жұмыстарға Алматыдан арнайы шақырылған ғалым Қаршыға Көшкімбаев атсалысуда. Ғалым БАҚ өкілдеріне оның нәтижесімен бөлісті. Ол бұл салада зерттеу жүргізетін еліміздегі жалғыз маман екенін айтты.
— Биыл ерте басталған жұмыстар өз нәтижесін береді. Жүргізілген ғылыми зерттеу қорытындысымен шіркейдің екі түрі анықталды. Оның зияны жоқ. Дәрілеуден пайда болары сөзсіз. Тек бір айтарым, шіркейден мүлдем құтылу мүмкін емес. Шыбын-шіркейді түбімен жойып жіберуге болмайды. Оның қауіпсіз деңгейі болады. Сол деңгейге жеткізу керек. Шілденің басына дейін жұмысты тоқтатпаймыз, — деді Қаршыға Көшкімбаев.
Шіркейге қарсы дезинсекция жұмыстары барысында облыс аумағындағы 352 шақырымды құрайтын Сырдария өзені 6 аймаққа бөлініп дәріленбек. Дезинсекция жұмыстарына әуе ұшағы, арнайы көліктер мен мамандар тартылған.
– Тұрғындар тарапынан айтылатын өтініштер мен сұрақтардың арасында шіркей мәселесі де бар. Біз осыны ескеріп, тиісті қаржысын бөліп, қолдау көрсетіп отырмыз. Мамандар жұмысты сапалы атқаруы керек. Қадағалауда ұстаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
2024 жылға Түркістан облысының аумағында жәндіктер мен буынаяқтылар санын азайту бойынша дезинсекциялық іс-шаралар өткізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл жұмыстарды «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Бүгінде Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Шардара, Отырар, Мақтаарал, Келес аудандарында жұмыстар атқарылып жатыр.
Облыс әкімі Көксу ауылдық округіндегі коммуналдық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстарын да қадағалады. Бұл каналға 30 жылдан бері алғаш реш тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі шаруалармен кездесіп, ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Су үнемдеу аса маңызды мәселе екеніне тоқталды.
Айта кетейік, Шардарадағы аталған ауылда 235 шақырым қашыртқыны тазалау жоспарланған. Ол жұмыстарды «Тұран су» ШЖҚ МКК бастап кеткен.