ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАНДАНДЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ел аумағында 2 млрд. көшетін отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі аппаратының апталық отырысында Түркістан өңірі мен облыс орталығын көгалдандыру, абаттандыру, жасыл аймақтарды көбейту, көшелерді тазалау, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Өңір басшысы егілген көшеттерді күтіп-баптауды, абаттандыру және тазалық жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды.
– Аппараттан бекітілген инспекторлар өздері жауапты аудан, қалаларды аралап, қандай жағдайда екенін қарап шықсын. Тазалық, нысандарды күтіп ұстау, абаттандыру, жарықтандыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған өзге де жұмыстарды тексерсін. Арнайы қаржы бөлінген соң атқарылған жұмыс та сапалы болуы тиіс. Саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау, қаланы суландыру, көгалдандыру, ағаш егу, құрылыс жұмыстары қатаң қадағаланады. Санитарлық тазалық шаралары да талапқа сай жүруі тиіс. Саябақтарға тексеру жүргізіліп, егілген ағаш саны жоспардағы көрсеткішпен салыстырылсын. Егер жоспардан аз егілген болса, жауапты мердігер мен әкімдіктер кемшілікті жоюы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан қаласында қолданыстағы саябақтар, гүлзарлар, көшелер мен жасыл аймақтарды тазалау, жинау, жасыл желектерді (ағаш, бұталар, көгал, гүлдер) күту және егу, шағын сәулеттік формалар мен ескерткіштерді, субұрқақтарды, суғару жүйелерін күтіп-ұстау және салу жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Қызмет көрсету аумағы – 258 нысан – 626 га, ағаш көлемі – 925 507 дана, көгал аумағы – 2 620 000 шаршы метр.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, шаһарда 318 гектарды құрайтын 32 саябақ, 59 гектарды құрайтын құрайтын 34 сквер және аллея, 68,4 гектарды құрайтын 31 көше, 121 гектар 13 жасыл алаңдар мен аймақтар бар.
Қала бойынша көгалдандыру және күтіп ұстау жұмыстарын «Жасыл Түркістан» КММ қызмет атқарады (250 қызметкер). Сонымен қоса аталған жұмысқа мердігерлер тарапынан 1470 жұмысшылар жұмылдырылған.
2023 жылы жалпы қала аумағында 210 000 дана 10 түрлі біржылдық және көпжылдық гүлдер егу жоспарланып, оның 60 000 данасы егілді. Қалғанын осы айдың соңына дейін отырғызу жоспарлануда. Облыс орталығына 17 түрлі бейімделген 249 000 дана ағаш көшетін (көктем мезгілінде 100 000 дана, күз маусымында 149 000 дана) егу көзделіп отыр. Сонымен қатар 42,3 гектар аумаққа 3 саябақтың құрылысы жүргізілуде.
Түркістан қаласының әкімдігі қала аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарын күнделікті жүргізіліп жатыр. Қаланың 875 көшесі аптасына 1 рет тазаланса, орталық маңызы бар 39 көше бойынша арнайы техникалар бекітіліп, күніне қажеттіліке байланысты 2 рет тазаланып, көше бойлары жуылып тұрады. 2020 жылы қала аумағындағы жарықтандырылған көшелер үлесі 1,8% құраған. Былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесімен, қала аумағындағы 93 көшеге (123,1 шақырым) құрылыс жұмыстары жүргізіліп жарықтандырылған көшелер үлесі 57,4%-ға жетті. Ал 2023 жылы қаланың 277,2 шақырымды құрайтын 272 көшесіне құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 89%-ға (895,8 шақырымды құрайтын 757 көшені) жеткізу жоспарланып отыр.
Өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармаларға жоғарыда көтерілген мәселелерге мемлекет бюджетінен жұмсалған қаржыны қадағалап, сапалы жұмыс атқаруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі