ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ЖОБАЛАР ҚАҒАЗ БЕТІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙҒАН»
Халықты жұмыспен қамту – басты міндет. Оны орындай алмай отырған аудан, қала әкімдері ескерту алды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Облыс басшысы мемлекеттік органдардың нақты және үйлесімді жұмысын талап етіп, халыққа жағдай жасай алмаған әкімдерді қатаң сынға алды.
– Қағаз жүзінде деректер жақсы болғанымен нәтиже шамалы. Нақты жұмыс жоқ. Құр бос сөз, әңгіме. Кешенді жоспарда бекітілген жобалар да қағаз бетінде қалып қойған. Ауадан алып қойғансыздар. Оны жазған соң, жүзеге асыру керек. Бұлай болмайды. Қайтарымсыз грант – оңды-солды ақша үлестіру емес. Ол бір реттік көмек болып қалмай, әрі қарай дамуы керек. Пайдасы болуы қажет. Жұмыспен қамту үлесін арттыру, тұрғындарды кедейлік шегінен шығару – әкімдердің басты міндеті. Халықты жұмыспен қамту дұрыс орындай алмаған барлық әкімдерге ескерту берілсін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өткен жылдың қорытындысымен 2023 жылдың әлеуметтік қорғау саласындағы атқарылатын стратегиялық міндеттемелерін баяндады. Өңірде 120 мынан астам адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша жеке бастамалар шеңберінде 22595 тұрақты жұмыс орындары құрылды. Жалпы жұмысқа орналастырылған азаматтардың дәлелі ретінде ақпараттық жүйеден оларға аударылған міндетті зейнетақы жарналарының төленуі тексеріледі, рейтингі жасақталды. Нәтижесінде ең төменгі көрсеткіштер Мақтаарал, Қазығұрт және Жетісай аудандарында. Жоғары үштікте – Арыс, Отырар және Созақ аудандары.
Биыл облыста 109,7 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. 2023 жылы өз ісін бастауға ниетті тұрғындар үшін 1688 адамға гранттар беру көзделіп, 2 932,4 млн. теңге қаржы бөлінді. Кәсібін ашуға үміткерлердің бизнес жобаларын тиімділігін арттыру мақсатында 20 үздік жобалар іріктелді. Ұлттық қолөнерді дамытуға басымдық беріледі. Облыс әкімінің тапсырмасымен оңтүстік аудандарына грант алушылар есебінен кооператив құрып, тауық және мал шаруашылығы, құлпынай егу және тігін өндірісі бағытында пилоттық жобаларды іске асыру көзделуде.
2023 жылдан бастап ҚР Президентінің сайлауалды тапсырмасы негізінде 35 жасқа дейінгі 594 азаматқа 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген қайтарымды шағын несие беру жоспарланды. Осы мақсатта 2,9 млрд. теңге қаржы қаралды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі