Дәурен Қуат, қаламгер: Қазір қазаққа ақыл айтатындар көбейді

Қазір қазаққа ақыл айтатындар көбейді. Ұрсатындар көбейді. Қазаққа ақыл айтып, кейіп, ұрсу құқығы Құдайдан Хакім Абайға ғана берілген. Басқамызға берілмеген. Соны білейік.

Инвестицияны барлық ел өз тілінде игеріп отыр. Тек Қазақстан билігі мен бизнесі ғана инвестордың тіліне икемделуді халықтан талап етеді. Бұл – отар елдерге ғана тән ахуал. Тілдік кемсітушілік, өзін өзі қор тұтудың бұл да бір көрінісі.

Ауыл әлі де болса, қалаға өзінің рухани әм әлеуметтік мол мүмкіндігін сарықпай құйып жатыр.Бірақ біз ауылды дағдарыстардың шегінде қалдырып барамыз. Иә, рас, ауылға көмек Үкімет тарапынан беріліп жатқан сияқты. 2002-2005 жылдар аралығында «Ауыл жылы» бағдарламасы қабылданып,  бюджеттен 150 млрд. ақша бөлiндi. Егер рас болса, осы «Ауыл жылдары» аясында негiзгi қорды қаржыландыруға 600 млрд. теңге жұмсалыпты.  «Осыншама мол қаржы қайда кетті?» деп ауыл жұрты әлі күнге әркімнен сұрап жүр.

Өткенде отты суға мелдектеп тойып алған бір есерсоқ қазақтың киелі домбырасын дыңғырлатып шерткен болып отырды да, жерге ұрып жарды. Домбыраны жерге ұрып жаратын кім ол? Бейбастың сол ісі әлеуметтік желілерде тарап кеткен соң әлгі неме: «Тап сол кезде не істеп, не қойғанымды білмей қалыппын, кешіріңіздер» деп құтылды. Кие, кепиет дегеннен хабарсыз жандар ұлттық құндылықтарымызды тәрк етуді әдет қылып алмас үшін бізге оны қорғайтын заң керек. Яғни, ұлттық мәдени құндылықтарымызды қорғайтын заң керек.

Abai.kz

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.