ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай облысқа қарасты Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесу өткізді.

Парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген келелі басқосуға Жетісай ауданының әкімі М.Қадырбек пен оның орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

️Жемқорлықтың алдын алудың маңыздылығы ортаға салынған алқалы жиында Мирас Асқарбайұлы бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі мен ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша ақпарат беріп, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен алдын алу, ішкі талдау және жедел бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Сондай-ақ, аудан бойынша соңғы үш жыл аралығында орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына айрықша тоқталып, өңірлерде пара алу, пара беру, делдал болу сынды тәуекелдердің басым көпшілігі кадр мәселесін шешу, жәрдемақы тағайындау, жер телімін беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны жұмсау, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында орын алатындығын жеткізді.

Бұдан бөлек, жиын барысында аталған жаңа Әкімшілік Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілгені мәлімделіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамаған мемлекеттік орган басшылары Кодекстің 680-681 бабы шеңберінде айыппұл төлейтіні және қызметтен тыс қаржыландыру көзімен айналысқан мемлекеттік органдарға 1,8 млн.теңге айыппұл салынатыны баяндалды.

Айта кетсек, Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында алдын алу жұмыстары облысқа қарасты барлық қала/аудандарда жүргізіліп келеді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.