Депутаттар Бекболат Тілеухан ұсынған заң жобасын бірауыздан қабылдады
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар балалардың денсаулығы мен ой-өрісінің дамуына кері әсерін тигізетін ақпараттан қорғау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның айтуынша, заң жобасы қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сонымен қатар, суицидке итермелейтін, порнографиялық және арнайы сексуалдық эротикалық сипаттағы көріністерді қамтитын ақпараттық өнімдерге тыйым салуды қарастырып отыр.
Сонымен қатар заң жобасында ұлттық салт-дәстүр мен отбасы институтына қарсы үгіттейтін ақпарат та балаларға зиянды деп танылған.
«Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері айқындалды. Екіншіден, зиянды ақпараттық өнімдердің айналымын тоқтатудың құқықтық жолдары көрсетіліп отыр.
Сонымен қатар телерадио және кино өнімдерін эфирге таратудың балаларға қолайлы уақыты белгіленген.Компьютерлік, электрондық ойындарға балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатымен сараптама жасаудың құқықтық мүмкіндігі молынан туғызылды», — деді мәжілісмен.
Айта кетейік, мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң жобасын талқыға салды.