Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың даму үрдістері мен пайымы
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне биыл 29 жыл толып отыр. Осы жылдар арасында еліміз әлеуметтік-эконмикасы дамыған, ішкі бірлігі нығайған көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет ретінде күллі әлемге танылды. Түрлі ұлт мекендеген еліміз дінаралық татулық пен келісім отаны десек, әлем жұртшылығы конфессияаралық диалог алаңына айналған егеменді мемлекет деп танитыны анық.
Бүгінде елімізде әртүрлі этностар мен конфессиялар өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, бір-біріне бауырластай араласқан халқымыз мәдени тұрғыдан да етене жақын.
Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында атап көрсеткендей, Еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты.
Жалпы қабылданған әлемдік нормаларға сәйкес мемлекет азаматтарының құқықтары мен қоғамдық қауіпсіздіктің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында діни ұйымдардың қызметін реттеуге құқылы екендігі айтылған.
Мәселен, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы халықаралық құқық пен еліміздің Конституциясында көзделгендей әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын іске асыруға бағытталған, ол дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың және ұлттық мүддені қорғаудың құқықтық негізі болып табылады.
Қолданыстағы заңнама аясында діни бірлестіктердің қызметі реттелген, миссионерлік қызметті жүзеге асыру, діни іс-шараларды, дінтану сараптамаларын жүргізу, ғибадат үйлерін салу, діни әдебиетті тарату тәртібі айқындалған.
Мемлекет дін саласында тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылдауда.
Діни қатынастардың барлық тіркелген субъектілер өз қызметтерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады, бейбітшілік пен келісім жолында, қоғамды дамыту, мемлекетті нығайту үшін қызмет етеді.
Діни бірлестіктердің басшылары Қазақстан халқы Ассамблеясының, орталық және жергілікті деңгейдегі консультативтік-кеңесші органдардың жұмыстарына белсенді қатысушысы деп айтуға болады.
Республикада Құрбан айт және Иса Пайғамбардың туған күні діни мерекелері демалыс күндері болып табылады.
Ел халқының ізгілік пен бейбітшілік құндылықтарын жақтауы, конфессиялар мен мәдениеттердің позитивтік диалогтары, дін саласындағы сарабдал мемлекеттік саясат, сондай-ақ қазақстандық қоғамның тұрақтылығын нығайту үшін түрлі дін өкілдерінің тамыры тарих қойнауының тереңіне жайылған бірігу дәстүрі елдегі діни ахуалға оң әсерін тигізеді.
Қазақстан ел ішінде тұрақтылық пен келісімді сақтауда, әмбебап жалпы адамзаттық құндылықтардың жалпы ұлттық бірлігін нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және толық өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге айқын танытып келеді.
Қазақстан көп этносты және көпконфессиялы тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттік билік органдары мен діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынастың өзіндік үлгісі мен тәртібін қалыптастыруда.
Республика адам құқықтары мен бостандығын қорғау саласындағы әмбебап көпжақты халықаралық шарттарға қатысушы мемлекет болып табылады.
Барша қазақстандықтардың діни және этномәдени тиесілігіне қарамастан, қалыптасқан жалпы ұлттық бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі – бұл Қазақстанның әртүрлі конфессиялардың өзара қарым-қатынасының жалпы әлемдік процесіне қосқан қомақты үлесі.
Түрлі ұлттар мен ұлыстардың, түрлі дін өкілдерінің басын қосқан, бейбітшіліктің жаршысы болған Қазақстан Тәуелсіз еліміз бұдан да биік шыңдарды бағындыратын болады. Осы жолда әрбір қазақстандықтың қолындағы көк Туымыздың тұғыры биік болатынына кәміл сенеміз.