Е.ТҰРСЫНОВ: Билiк өз бiлгенiн iстеп жүр
Күйіндіретіні: ат төбеліндей аз қазақтың ымырашыл болмауы, ендігі жерде оларды жүзге, руға бөлгенді қойып, әлеуметтік жағдайына, тіліне, кімнің қанында қалалық, кімнің қанында ауыл-дық лейкоциттер көп екеніне, кредит алып алып той жасайтындар мен сол кредит алып той жасағандарды жек көретіндерге, Бас дастарханға жақын отырғандар мен сол дастархандағы мол асқа алыстан жұтына қарағандарға, мәстек-Мазда мінетіндер мен бесті-Бентлимен шайқалтып жүретіндерге, т.б. бөліп тастағандары. Сондықтан біреу бірдеңе айта бастаса, екінші адам одан асырып, қаттырақ сөйлеп дауласа жөнеледі. Біздің пікірталас үшін Ақиқат маңызды болмай қалды. Бізге бір минутқа ғана өзіміздікі дұрыс екенін дәлелдесек болғаны. Бұл пікірталас емес, бұл – көкезулік. Бұл да зиялылардын бір қырын танытса керек. Әңгіме деңгейі, талқыланған мәселелердің маңыздылығы, пікірталас деңгейі сол жерге жиналғандардың да деңгейін көрсетеді.
Билік өз білгенін істеп жүр. Өзімен тең сөйлесе алатындар жоқ болғандықтан, тарс бүркеніп алып, тілдесу керектігін мүлдем ұмытты. Билік өзіне керек, ұрымтал тұста өзін қолдап «әндете» жөнелетін зиялыларды тәрбиелеп алды. Сондықтан ол ойына келгенін, қолынан келгенін істеп, былығуда.
azattyq.org