«ЭКСПО-2017» көрмесіне жұмсалған ақша ақталды – Мемлекет басшысы
«ЭКСПО-2017» көрмесін салуға жұмсалған қаржының орны толды. Бұл туралы Ақордада журналистермен кездесу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Қазіргі уақытта шығындалған ақша келушілердің, саяхатшылардың арқасында қайтарылды. Осыған дейін айтқанымдай, Астананың барлық қонақ үйлері, мейрамханалары, концерт залдары мен дүкендері толды. Астананың бюджет түсімі осы жылдың ішінде бірнеше есеге артты. Бизнесмендер де өз ақшаларын тапты. Мұның барлығы да елдің қоржынын толықтырды», — деді Елбасы.
Мемлекет басшысының пікірінше, ЭКСПО-ның басты жетістігі — Қазақстанның халықаралық көрмені Астанада өткізу мүмкіндігін жеңіп алуы.
«Жас мемлекет болғандықтан біз өзімізді бүкіл әлемге көрсете білуіміз керек. Екіншіден, жаңартылған энергия көздері – бұл ғылымның ең дамыған саласы», — деді президент.
Еске сала кетсек, 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында елорда төрінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты.
Көрмеге келушілердің жалпы саны 3 977 545 адамды құрады. Ал бастапқыда көрмені 2 млн адам тамашалайды деп жоспарланған еді.