Ел перзентi
Саналы ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған киелі Түркістанның төл перзенті Жарылқасын Әзіретбергеновтың 58 жылды еңбекпен өрнектегенінің өзін өнеге дер едік. Педагогикалық институтты бітіріп, еңбек жолын өзінің туған ауылында ұстаздық етуден бастаған елжандылығы ерен жастың текті әулетінің тамырынан тараған асыл қасиеті оны қарапайым қалың елімен бірге болуға қалыптастырды. Туған ауылының абыройын асқақтатып, жерлестерінің намысына тиерлік келеңсіздіктерді болдырмаудағы күрескерлігімен осындағы жастар ұйымына жетекшілік етудің сеніміне ие болды. Табиғи болмысынан зерек те, алғыр ойлы, іскерлік қабілетті ерен жастың бастамашылдығы мен атқарылған игі істердің жетістігі аудан көлемінде ғана емес, облыста үлгі-өнеге болып ұсынылатын болды. Қашан да қалың жұртшылықтың ортасынан табылатын да, оны ұршықша иіріп әкетуге қабілетті жас 29 жасында ауданның іргелі шаруашылығының бірі – осы Амангелді ұжымдық шаруашылығының партия комитетінің секретары болып сайланады. Ел-жұртына жасаған адал қызметінің арқасында абырой биігінен көрінген нағыз мемлекетшіл азамат осы колхоздың председателі болып сайланып, туған жерінің өркендеуіне өлшеусіз еңбегін сіңірді. Бұл ұжымдық шаруашылықтың ынтымақ пен бірлікке негізделінген жетістіктері республикаға танымал болды. Сондықтан болса керек, 1989 жылдың соңына қарай Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен «Бастауыш партия ұйымдарының республикалық кеңесіне» Ж.Әзіретбергенов те шақырылады.
Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасының досы
Осы алқалы жиында сөйлеген Ж.Әзіретбергенов өзінің қай жерде болмасын, қашан да жылтыратып «дежурный» сөздерді айтпайтын дағдысына басып, еліміздің қоғамдық тынысына бір өзгерістің келіп тұрғанын дөп басқандай көрсетеді. Шалғайдағы ел тынысының барысын көлегейлемей, алдағы келер қиындықтардың жайы туралы орнықты ойларын ащы да болса, ашып айтады. Қазақ елінің іргесі сөгілмейтіндігіне нық сенімін асқақ үнмен айтқан Жақаң ұлы бабаларымыздың ел басына күн туғанда елдің ынтымағы мен бірлігін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай» етіп ұстағаны мына бүгінгі барша қазақстандықтардың өнегесі болып табылатынын түйіндегендей етіп, оған баршамыздың адалдық танытуымыз керектігін де көрсетіп өтті.
Жақаңның сөздерін ыждағаттықпен тыңдап отырған Нұрсұлтан Әбішұлы ел перзентінің үнін есіткендей серпіліспен сауал қойып, көптің көңіліне қонымды жауап алғанына ризашылығын білдіреді. Жақаң осы жиында жаңа құрылған Кеңестің мүшесі болып сайланумен бірге, Кеңестегі «Бастамашыл топтың» жетекшісі болып бекітілді. Орталық Комитет бұл топқа арнайы жұмыс кабинетін бөліп беріп, Жақаң 2,5 жылдың жүзінде осы жерде жұмыс істейді.
Уақыт талабымен нарық қатынасы дендеп, қоғамдық құрылымға енетін өзгерістерге елді дайындауда Н.Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған ерен істердің қасында Ж.Әзіретбергенов басқаратын «Бастамашыл топтың» іс-қимыл көрсеткені тарихтың бетінде қалды. Жақаңа Н.Назарбаевпен қаншама рет жеке сұхбаттасуына да, жиындарда ой-тұжырымдарын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдіруге де тура келді. Кемел ойдың кемеңгері Нұрсұлтан Назарбаев Ж.Әзіретбергеновтың боямасыз сөйлеп, туралықты тайсалмай айтатын азаматтың болмысына тәнті болып, терең ойлы үлкен парасат иесі екендігін танығандығынан шығар, бертінде «Досым» деген сөзді ілтипатпен айтқаны.
Елімізде 2005 жылғы тамыз айында мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ел тынысын көзбен көріп, құлағымен есітіп, ел-жұртпен байланыстың бір түрі ретінде өткізетін «Телекөпірде» осы жайтты республика жұртшылығының алдында жайып салды. Мемлекет басшысымен өткізіліп жатқан «Телекөпірдің» байланыс кезегі біздің облысқа келгенде телеэкранға түркістандық ақсақал Жарылқасын Әзіретбергенов шықты. Хабар жүргізудің тәртібіне орай Жақаң өзін таныстыра бастағаны сол еді, Президент Н.Назарбаев арғы жақтан: «Жарылқасын! Сен менің ескі досым едің ғой. Танымай қалды деп тұрсың ба? Әңгімеңді айта бер», — деді жылы жымиып тұрып.
Кейін де ел Президенті Н.Назарбаев киелі Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп жүргенінде «ескі досымен» арқа-жарқа жүздесетін болса, 2005 жылы өткен Президент сайлауынан кейін Жақаң инагурация салтанатына арнайы шақырылып, облыс әкімі Б.Жылқышиевпен бірге салтанатқа қатысып қайтыпты.
“Ауыл” сөзін ресми тіл ретінде тіркеткен де Жақаң
Қазақ халқының дана туған, дара тұлғалы перзенті Нұртас Оңдасыновпен Жақаң бір ауылдың тумасы. 1989 жылы фәнилік болған ел арысының аманатымен оның денесі Мәскеуден Шымкентке ұшақпен жеткізіліп, киелі Түркістанның түбіндегі қазір Нұртас Оңдасынов ауылы аталатын (Жайылма) жердегі әкесінің қасына жер қойнына тапсырылады. Еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін соңғы сапарға шығарып салудың ғана емес, оның екінші ғұмырының баяндылық табуының тауқыметі де Жақаңның еншісінде болғанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Ер есімін есте қалдыру үшін өткізілген азалы жиында сөйлеген Жақаң өзінің: «Халқының аяулы ұлы болған Нұртас Дәндібайұлының екінші ғұмыры енді басталады» дегенін баянды ету үшін елеулі іс атқарғанын көкірегі ояу, көзі қарақты көпшіліктің біліп отырғаны баршамызға аян. Қазақтың көрнекті қайраткерінің туылғанына 90 және 100 жыл толуы республикалық деңгейде аталып өтті. Облыс аумағында Н.Оңдасынов атында 4 мектеп бар болса, оған Ақтауда тағы бір мектеп қосылды. Еліміздің ірі қалаларында Н.Оңдасынов атындағы көше бар болса, жыл сайын оның саны көбеюде.
Қазақ ономастикасында «ауыл» сөзінің ресми тілдегі сөз ретінде тіркелуі тікелей Нұртас Оңдасыновтан басталды десек қателеспейтін шығармыз.
Ж.Әзіретбергенов ел арысының есімін туған ауылына беру үшін құжаттарды «Нұртас Оңдасынов ауылы» деп дайындап, облыстан республикалық ономастикалық комиссияға дейін жеткізгенде олардың «село» сөзінен құтыла алмай, ел Үкіметінің есігін тоздыруына тура келеді. Сол жерден ғана қазақ сөзінің қадірін біліп, уәжге тұратын басшыны тауып, «село» сөзінен құтылуының арқасында 1991 жылы Үкіметтің «Нұртас Оңдасынов ауылы» атауы берілсін» деген қаулысын шығартады. Табандылықтың талабымен қол жеткізілген игі іске орай қазақтың ұлтжанды асқаралы азаматы Өзбекәлі Жәнібековтің бірде Жақаңды кездестіргенде: «Жақа, сіз Үкіметтің қаулысына «Ауыл» сөзін жаздыртып, барша қазақ құтыла алмай қойған «село» сөзінен құтқардыңыз ғой. Ел Үкіметінде өзіңіз шығартқызған қаулыға дейінгі және кейінгі шыққандарының мәтінін салыстырып көріңізші, тарихқа да тамшыдай үлес қосқаныңызды көресіз»,-деп өзінің шынайы ризашылығын білдіріпті.
Саудаға түскен мандат және Жақаң
Түркістан қаласындағы ірі мекеменің басшысы болып істеп келе жатқан С.Т-ның қалалық мәслихаттың депутаты ретінде де өз сайлаушыларымен етене араласып жұмыс жасайтындығы баршаға аян болатын. Десе де, кезекті сайлауға өз округінің үміткері болып қатысқан С.Т-ны сайлаушылары дауыс бердік дегенімен, сайлау комиссиясы хаттамасы өзгеріп шыға келеді. Мұны есіткен сайлау округіндегі тұрғындар наразылық көрсетуге жиналғандарын суретке түсіріп, мәселенің шындығын анықтауды ешқандай тексеру органына емес, қалалық ақсақалдар алқасына тапсыруды сұрап, әкімге талап-тілек хаттарын тапсырады.
Шарасыз күйге түскен қала әкімі Ж.Әзіретбергенов ақсақалдан осы мәселені шешіп беруді сұранады. Жақаң: «Шындыққа тұрсаң барамыз. Ескі әуендеріңе салып, ақсақалдарды абыройсыз ететін болсаң, біздің басымызды қатырма», -дейді қасқайып тұрып. Әкім шындыққа тұратынына уәде береді.
Қалалық ақсақалдар алқасының мүшелері түгелге дерлік осы өткір мәселенің шындығын шығару жолында екі күн бойы сайлау округіндегі тұрғындармен тиянақты жұмыс істейді. Көше жиындары өткізіліп, дәйекті дәлелдемелердің жинақталғанына құжаттама жасалынып, онда сайлауда С.Т-ның басым дауыс алғандығы көрсетіледі.
Жүргізген жұмыстарының нәтижесін қала әкіміне жеткізген Ж.Әзіретбергенов: «Шын сайланған депутаттың мандатын бер, болмаса құқығы тапталған халықпен өзің сөйлесіп ал», — деп шығып кетеді.
Келесі күні жұмыстарында асығып жүріп техникалық қателікті жібергендерін мойнына алған комиссия қала әкімінің алдында депутат болып шын сайланған С.Т-ға депутаттық мандатын тапсыруға мәжбүр болады.
Осы депутат болып сайланған шығыс өңірінің төл тумасын жатсынып, бөлектемей, әр қазақтың баласының абыройын қорғап, әділеттің ақ жолынан аттамауды нақты істерімен өнеге көрсеткен ақсақалдарымыз көбейе бергей.
Асқар таулар аласармайды
Ел жанашырларының үні қашанда өктем шыққан. Олар ел мүддесін жеткізіп, туралықты ту етіп көтеруді кез-келген жерде қасқайып тұрып айта алған. Сол бір ел перзенттерінің соңғы тұяғындай, кейінгі 50 жылда есімі аңызға айналған оңтүстіктің бел баласы Төлепбек Назарбеков болса, ер тұлғалы ұландарымыздың енді бүгіндегі ізін жалғастырған өңірдің абыз ақсақалы Жақаң болып тұр десек қателеспеген болар едік. Елдің ішкі тыныс-тіршілігін жетік білетін, халқына адалынан қызмет істейтін жігіттерді қияннан көзі шалып отыратын ер Төкеңнің сондайлардың аяғын шалуға жаны қас болатын. Соның бір мысалы, Келес мақта совхозының директорлығына өз еңбегімен көтерілген Ө.А. деген жігітті қызметке облыс басшысы жібермей отырғаны құлағына жетеді. Сол жігіт жайлы мән-жайға қаныққан Т.Назарбеков телефонды алып, тікелей облыс әкімі З.Тұрысбековке звондағанында: «Зауытбек, сендерде Сіргелінің жігіттерінен совхоз директоры тағайындалмасын деген «установка» бар ма? Директорлық қызмет саған керек пе? Әлде маңдай терін төккен Келестің диқандарына керек пе, соны ойлауға өресі жететін азамат емес пе едің?»-деп трубканы орнына қоя салады. Төлепбек ағасының алдын көрмеген әлгі жігіт екінші күні совхоз директорлығына бұйрығын алып, жұмысқа кірісіпті.
Қаладағы Қажымұқан стадионы жанында 2000 жылы Наурыз мерекесі ұйымдастырылды. Бір кезде Төкең кірген алты қанат ақ үйге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп, өз нөкерлерімен бірге кірді. Сәлем беріліп, мерекелік құттықтау тілектерінің толастаған бір сәтінде абыз ағамыз Төкең облыс басшысы Б.Сапарбаевқа қарап: «Бердібек, Шымкенттің қатындары да бала туғанында қалжа жеген. Оңтүстіктің жігіттері республиканың төрт бұрышында қызмет істегенде абыройлылығымен танылған. Сен Ауғанның Кандагарына келген жоқсың. Оңтүстік те сенің шапқылып өскен жерің. Облыс әкімі аппараты басшысын, қаржы-шаруашылық меңгерушісін Қызылордадан ертіп келуге не қажеттілік туды? Олар облыстың төрт бұрышын бес саусағындай білетін, ал ел-жұртын жетік танитын «білгіштер» болғаны ма?
Облыстың тізгіні сенің қолыңа берілді, мына елдің ендігі иесі де сенсің. Ел еңсесін жиған соң, облысқа орталықтан көрсететін қолдау да күрт өсті. Енді елді тығыз топтастара біліп, ел азаматтарына жұмыс істеткізе білу ғана қалды.
Бердібек, сен менің сөзімді Шымкенттің ақсақалдарының кадр саясатына араласқаны ғой деп қабылдама. Қайта шынайы жанашырдан кенде болмаймын деп қуан. Қазақстанның оңтүстігін біз өзіміздің ғана емес, исі қазақтың абыройы, ар-намысы деп білеміз. Ел басқару ісінде ұлы бабаларымыздың «ой ойласаң –кең ойла, кең ойласаң – тең ойла» деген даналығын есіңе салуды артық емес деп ойладым»,-деген еді төгіле сөйлеген ел абызы.
Бүгінде басшылардың алдында ел жағдайын ашып айту қалып барады. «Заманына қарай қасқыр ұлидының» кері ме, бүгінгі ақсақалдарымыздың дені «әкімқараны» көрсе, мақтаудан басқа сөз білмейтін «попугайға» айналды. Әсіресе, әкімдердің есеп беруін аға буынның ода-жыр оқитын мүшәйрасындай еткеніміз өкінішті-ақ. Соңғы жылдарды облыс әкімі есеп бергенде екі-ақ рет сыни пікір айтылыпты. Оның бірі киелі өңірдің ғұлама перзенті, марқұм профессор Әмір Мұсақұловтың 2017 жылы облыстың идеология саласындағы жұмысқа шынайы жанашырлықпен сындарлы пікір білдіргені болып еді.
Облыс халқының дала төсін еміп, оның ішінде суармалы жердің арқасында бала-шағаларының нәпақасын тауып отырғанын жақсы білетін Жақаңдай ел жанашырын ағын суды пайдаланатын қарапайым диқандарды судан қысып тастауға, каналдарға билігі жүретін «байшыкештердің» және оған көзін жұма қарайтын су шаруашылығы мекемелер басшыларының немқұрайдылығы қатты алаңдататын. Ж.Әзіретбергенов бұл өткір мәселені тиісті жерлерге жеткізіп те көрді. Биліктің мән бермейтіндігіне көзі жеткен соң, Жақаң облыс әкімінің 2018 жылғы есеп беру жиналысында бұл мәселені салмақты да, салиқалы сөз арқауына айналдырды. «Дежурный» сөзді «данышпандардың» жарапазаны жиналған жұртшылықты жалықтыра бастаған кезде сөз сұрап, мінберге көтерілген ел жанашыры Жақаңның жай оғындай жарқылдаған өткір ойлары мен дәйекті дәлелдермен өрілген «Жанайғайы» баршаны ұйқысынан оятқандай еткенінің еріксіз куәсі болдық. Алты ай жаз аптап ыстықтың астында күнге қақталса да, дала қосынан кетпей тырбаңдап, өнім алуға қолым енді жететін болды деген кезде су берілмей, енді бәрінен айырылатын күйге түскен диқанның кейпін Жақаң төгілте айтқанда тебіренбеген тыңдарман болмаған шығар.
Бір кездері ел Президенті Н.Назарбаев су қоймалары мен бөгеттерін мемлекеттің бақылауына алып, дала диқандарына ағын суды дұрыс жеткізіп беруді ретке келтіруге нақты тапсырмалар бергенімен, оны жергілікті атқарушы орган әлі күнге дейін орындай алмай отырғанын айтып, қайта беталдылықтың орын алуына мақтаралдық «Жылы су» каналын білдей бір ұжымнан бір қалталы байдың заңсыз тартып алғанына дейін айта келіп, фактілерді ондап келтіруге болатынын ашып сөз етті.
Халық үнін тыңдауға құлықсыздықтан шығар, өңір жұртшылығының жандаусын есіткен облыстың экс әкімі Ж.Түймебаевтан бастап бір мемқызметкер «былқ» ете қоймайды. Жаздың соңғы айында Түркістан аумағы суға зар болып қалды. Амалсыз Түркістан қалалық мәслихатының 9 депутаты облыстық су шаруашылығы мекемесінің мамандарын алып, Арыс-Түркістан каналына су беретін Бөген қоймасына барып, судың босатылу жүйесіне тексеру жүргізген. Есімдері Астанаға белгілі, мүйізі қарағайдай 3 жоғары лауазымды шендінің пайдалануындағы 3 мың гектар жерге берілген судың да, оған төленбеген суақысының із-түзі жоқ болып шығады. Бұл нағыз қылмыстық заңбұзушылық болатын. Тиісті құжаттар жасалынғанымен, бәрі де тым-тырс күйінде қалды. Осы бір арты үлкен шуға айналатын сорақылықтың басылып қалуына туған жерінің абыройын сақтауға барын беруге дайын Жақаң араласқан болса керек деген әңгіме еміс-еміс айтылғанымен, соңғы нүктесі қойылмай жүр.
Бірақ, Ж.Әзіретбергеновтың елімізге танымал тұлға Өмірзақ Шөкеевтің облысқа басшы болып келгені жақсылықтың нышаны болды деп жадырай сөйлегенін құлақ естіді. Ол кісінің су қоймалары мен бұғаттарына бақылау жасау мемлекеттің еншісінде болатындығына, Үкіметтің қаулысы іскер басшы Ө.Шөкеевтің бастамашылдығымен қабылданғанына шүбә келтірмейтінін нық сеніммен айтқаны бар.
Ұлт құндылығын бағалау
90 жылдардың соңына қарай ел еңсесі тіктеліп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқын алуымен қатар, батыстың «жабайы демократиясы» да тыныс-тіршілігімізге дендей еніп, руханият әлеміндегі жабайылыққа бетбұрыс өрши түсті. Түркі әлемінің адамзатқа өнеге болған ұлттық құндылықтары ұмыт қалғандай қастерлі салт-дәстүріміз шеттетіле бастағанын да, жұртшылық арасында рухани азғындаудың көрініс бере бастағаны да өзекті өртей түсті. Түбі бір түркі әлеміне көз салғанда, көрші отырған өзбектің өзінде ұлттық құндылықты сақтаудағы рухани тазалығы ойға орала берді.
Ж.Әзіретбергенов бастаған ақсақалдар алқасының бір топ мүшелері 2008 жылы Ташкент қаласына жол тартты. Себебі, 5 миллион тұрғыны бар Ташкент қаласының тыныс-тіршілігін әдептен асырмай, өрескел көріністердің беталдылыққа кетуіне жол бермей, ел тізгінін ұстап отырған Махалла комитеттерінің жұмысымен жете танысып, жақсылықтың үлгі-өнегесін алу қажет-ақ еді. Түркістандық ақсақалдар Ташкенттің аудандары мен Махаллаларын аралағанда, ірі шаһардың тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтаудың реттілігіне еріксіз тәнті болды. Оның бар сыры – қала тіршілігін бақылаудың құзыреті Махалла комитетінің қолында болса, оның өзі республика президенті Ислам Каримовтың қол қойып бекіткен Махалла «Ережесін» әрбір өзбек мүлтіксіз орындайтындығында еді. Дау-жанжал, қандай бір келеңсіздік болмасын, бәрі Махалланың өзінде шешіледі.
Өзінің көрген-білгенін саралаған түркістандық ақсақалдар Түркістан аумағында алғашқы жұмысты қолға алғанымен, жергілікті билік органы тарапынан қолдау болмаған соң, тиісті деңгейден көріне қоймады. Арада он жыл өткенде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланып, енді түркістандықтарға қанат бітіргендей болды.
Елге өнеге – Түркістанда той түнгі 23:00-де аяқталады
Ақсақалдар аудан әкімінің қолдауымен Жүйнек ауылында рухани жаңғыруды іске асырудың нақты жұмысын бастап жіберді. Қарапайым халық ізгі бастаманы қызу қолдауға шықты. Бір жылдың ішінде бірнеше ауылдан түрлі органдарға жазылған арызды қайтарып алып, оның 61-ін ауылдың өзінде шешіпті.
Ел іші болған соң кездесетін дау-жанжал, арыз-шағымдар, бір ауылда, бір көшеде отырып соттасу сорақылықтары енді ауыл ақсақалдары алқасын айналып өтпейтін болыпты.
Тіпті, жуырда ғана еліміздің бас телеарнасының «Бір сұрақ» бағдарламасының өзінде Түркістанда тойдың түнгі сағ. 23:00-де аяқталатындығы бүкіл елімізге үлгі-өнеге ретінде айтылды:
– Ортақ пәтуаға келуден кейін пада шығару, ұсақ малды бақтыру, жылқы ұстауды ретке келтіру, ағын суды тәртіппен тиімді пайдалану, түнге қарай ауылда халық жасақшыларының кезекшілігін тұрақты ұйымдастыру жүйелі жолға қойылды;
– Бір жігіті үйленсе, 20 жолдасы 30 мың теңгеден жиып, 2 күнге созатын ырду-дырдуы тоқтатылып, енді 600 мың теңге қалыңдық әкелуге бара жатқан жігіттің қолына берілетін болды;
– Жастардың бұрынғы «свиданкіге» 5-6 «Лимузин», 20 шақты «иномарка» жалдауы да ретке келтірілді;
– Той-қуаныштар, жерлеу рәсімдерін өткізудегі даңғазалық пен ысырапқа жол беру де тоқтатылып, ортақ пәтуаның жүйесімен тірлік істеу бірізділікке түсірілді;
– Кісісі қаза болған қаралы үйде қазан-қазан ет асылып, палау басу өрескелдігі түсіндіріліп, ол үйде 3 күнге дейін тамақ тарату тоқтатылды;
– Жаназадан кейін ру-руға, ата-атаға шапан тарату және құдалықта бірнеше үйдің киіт берудің жоралғылары тоқтатылды;
– Маскүнемдікке салынуға, есірткіге тәуелділікке жол бермеу жұмысының нәтижесінде бұл жақтың өмір тынысы өзге аймақтардан өзгешелеу болып келетініне ешкім де шүбә келтіре алмайды.
–Түркістанның үш ауылының дүкендерінде арақ сатылмайды, ал ауылдағы қуаныш іс-шаралары спирттік ішімдіксіз өткізіледі;
– Ауылдағы отбасылардың тірлігіндегі бірлік пен татулық та ақсақалдардың бақылауына алынып, келіннің ажырасып кетіп қалмауы, қыздың байдан қайтып келмеуі, яғни ауыл-елге намыс боларлық сорақылық сол өңірдің ардақты ақсақалдарының арқасына аяздай бататын деңгейге жеткен.
Бүгінде Түркістан қаласындағы облыстық ақсақалдар алқасы қала әкімдігімен тығыз байланыса отырып, заманауи талапқа сай көркейген қаланы жасауға кіріскен. Олар қаланы 8 шағын ауданға бөліп, сол жерлерде көше комитеттерінің жұмыс істеуін өмірге әкеліпті. Қаладағы әрбір отбасы өзінің үйінің тұсындағы көшені көгалдандырып, көше тұсының тазалығын қатаң сақтауға міндеттеліпті.
Қала көшелеріне ақсақалдар алқасының бастамашылдығымен биыл 40 мың түп сәндік ағаш отырғызылып, 100 000 түп гүл еккізіліпті.
Қаладағы көп балалы аналар мен аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қайырымдылық дүкенін ашып, киімдер мен азық-түліктер ақсақалдар алқасының ұсынысымен тегін беріліп тұрады.
Ел игілігі үшін киелі Түркістанда атқарылып жатқан жарқын істердің басында Жақаңдай ел ағасының жүргенін мақтаныш ету керек-ақ шығар, әсте.
Оңғар Тәжиев, бас редактор,
Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы
«Қазақстан жолы» газеті №24(750) 28.06.2019жыл