Ел президенті бірқатар облыстардың әкімдерін қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдерін қабылдады.
Президентке облыстардың әкімдері өңірлердің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәліметіне сәйкес өткен жылы Маңғыстау облысында құны 25 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 15,8 пайызға артып, 762 миллиард теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 75,3 мың бірлікке жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға өскен. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 1,6 есеге ұлғайды. 2022 жылы Маңғыстау өңіріне шетелдер мен ел аймақтарынан 231 мың турист келді.
Мемлекет басшысына ауызсу мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, былтыр 12 ауылға су құбыры тартылды. Облыстағы ауызсу тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұшыту қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жоба жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Президентке өңір басшысы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, Ақтау қаласының инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, МАЭК кәсіпорнын қайта жаңғырту мәселелері жөнінде баяндалды.
«Ақорда»