Ел Презтденті өзекті мәселеге ден қойды

Солтүстік Қазақстан облысына іссапармен келген Мемлекет басшысы ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Дала тынысының дарабоздарының бас қосуында өзекті мәселені қамтыған ой-тұжырымдар ортаға салынып, келелі кеңестер айтылды.
Ел Президенті өзінің сөзінде әлемде тұрақты әрі жоғары сұранысқа ие тиімділігі жоғары дақылдарды (жасымық, зығыр, соя) өсіруге көшу есебінен еңбек өнімділігін арттыру қажеттігіне және органикалық ауыл шаруа­шылығы өндірісін дамытып, за­манауи агротехнология мен инновацияны енгізу керекті­гі­не тоқталды.
– Үкімет агрохимия қызметін күшейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қа­былдауы қажет, — деді Прези­дент.
Мемлекет басшысы қой етін, құс етін, қозы етін өндірудің, сүтті мал шаруашылығын да­мытудың және мал шаруа­шылығы өнімін экспортқа шы­ғару ісін ілгерілетудің келешегі бар деп есептейді. Бұл үшін алдағы 10 жылда қосымша 50 миллион гектар жайылымдық жер пайдалануға беріледі. Со­нымен қатар Президент Үкіметке жем-шөп бағасының жоғары болу себебіне қатысты мәселені түбегейлі реттеуді тапсырды.
Отандық аграрлық ғылымды дамыту ісіне және кейін­гі жылдары деңгейі айтар­­лықтай төмендеген ка­др­­лар­дың әлеуетіне арна­­йы тоқталғанында: «Ұлт­тық аграрлық ғылым-білім орта­лықтарындағы еңбеккер­лердің тек 20 пайызының ғылыми дә­режесі бар. Сондықтан аг­рарлық салада болашағы бар жас ғалымдардың пулын жа­сақтау қажет», — деді.
Қазақстан Президенті ауыл халқының 85 пайызы тұратын келешегі бар тірек елді мекендерді дамыту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл елді мекендер жол, қолжетімді байланыс жүйесі мен Интернет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт кешендері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс.
Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 3 жыл ішінде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін салуды тапсырды. Соның ішінде 22 нысан биыл іске қосылады.
Елбасы ұсынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қосымша 90 миллиард теңге бөлінетін болады. Президент «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бөлі­не­тін қаржыны жылына 20 милли-ард теңгеге дейін арттыруды тап­сырды.
Республикалық кеңес жұ­мы­сының барысына белсене қатысқан ҚР Ауыл шаруашы­лығы министрі С.Омаров, «Зенченко и К» коммандит­­тік серіктестігінің дирек­торы Г.Зенченко, «Агрофир­ма «Родина» ЖШС-ның бас директоры И.Сауэр, «ҚазЭкс­портАстық» АҚ директорлар кеңесінің тө­рағасы Р.Молдабеков, С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ АТУ ректоры А.Күрішбаев жә­не «Bioperations» ЖШС құрылтайшысы Ә.Талғатбек өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды.

«Ақорда».

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.