Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасына қатысушылармен кездестi

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде жобаның екінші кезеңіне қатысушылардың жетістіктерімен танысты.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайту жолында жастарымыздың әлеуетін пайдаланудың маңыздылығына тоқталғанда:

– Бәріңіз де – тәуелсіздіктің перзентісіздер. Біз – бабаларымыздың арманын жүзеге асырған ұрпақпыз. Енді сіздердің уақыттарыңыз келді. Мұны ұмытпауға тиіссіздер,- деді.

Елбасы жобаға қатысушылардың жетістіктеріне тоқталып, жастардың тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуі үшін өз мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдаланудың маңызды екенін көрсетуде:

– Бәрі де адам мен оның ерік-жігеріне байланысты. Біз армандай білуге және көздеген мақсатымызға жету үшін әрекет етуге тиіспіз. Бұл байқауға қатысушылар – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сіздер өз еңбектеріңіздің нәтижелері арқылы бұл өмірде бәріне де қол жеткізуге болатынын көрсеттіңіздер,-деді.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дәйекті дамыту ісіндегі белсенді жастардың рөлін атап өтті.

– Сіздердің әрқайсыңыз Қазақстанның болашағына үлес қосып келесіздер. Келешегіміз білімді, өзіне сенімді, бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қолында. Оған сіздердің мүмкіндіктеріңіз жетеді, -деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы дамыту және өсімнің жаңа көздерін ашу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталғанда:

– Егер біз пайдалы қазбаларға үміт артатын болсақ, онда қаражатсыз қаламыз. Сондықтан, экономиканы өзгеше қалыптастыруға мүмкіндік беретін индустрияландыру процесін іске асыруды бастадық. Алты жыл ішінде 1200 зауыт пен фабрика салдық. Бұл жұмысты жалғастыра береміз,-деді.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын дамытудың, ғылымның әлеуеті мен технологиялық прогрестің жетістіктерін пайдаланудың маңызды екеніне назар аудара отырып:

– Барлық нәрсенің негізі еңбекте. Еңбектің арқасында жеткен жетістік адамды бақытты етеді,-деді.

Елбасы жобаға қатысушылардың бәріне ризашылық білдіріп, Қазақстан жастарын елімізді одан әрі дамыту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

 «Ақорда».

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.