Елбасы Түркістан облысы әкімі Ж.Түймебаевты қабылдады

Қабылдауда Қазақстан Президентінің былтырғы желтоқсан айында Түркістан қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берілді.

Облыс әкімі Елбасыға негізгі әлеуметтік маңызы бар нысандардың, соның ішінде облыс әкімдігі, басқармалар мен аумақтық департаменттер ғимараттарының, сондай-ақ 1 200 мың шаршы метрді қамтитын тұрғын үй құрылысының барысы туралы хабарлады. Елбасы алдындағы есебінде облыс басшысы: «Өткен жылы Түркістан облысында маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 453,8 млрд. теңгені құрады. 2017 жылы 410,7 млрд. теңге болған еді.

Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы жалпы құны 18,2 млрд. теңге болатын 10 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 835 жаңа жұмыс орны ашылды.Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 288,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 1,2 пайызға өсті. Өткен жылы шетелдік әлеуетті инвесторлармен (Түркия, ҚХР, Үндістан, Непал, Франция, Оңтүстік Корея, Болгария, Нидерланды) және жергілікті бизнесмендермен 70-ке жуық кездесу өтті. Ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырманы орындаудың маңызы зор»,-деді.

Облыс әкімі  «Президенттің әлеуметтік бастамасы» облыста жоғары деңгейде іске асырылып жатқанын айта келе «7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыс әкімдігі мен «Баспана» АҚ арасында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум түзілгенін де жеткізді.

Бүгінгі таңда облыс орталығы Түркістан қаласында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және жеке салушылар есебінен көпқабатты 6 тұрғын үйдің (336 пәтер, 26,1 мың шаршы метр) құрылыстары басталып, оның   2019 жылдың үшінші тоқсанында бағдарлама аясында пайдалануға берілетінін, ал аталған бағдарламаға облыс тұрғындары тарапынан жалпы 3 151 азаматтың қызығушылық білдіріп отырғанын да айтқан өңір басшысы Түркістан қаласын түлету, облыста әлеуметтік-экономикалық дамуды және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстарының өз  жалғасын тауып, межеленген көрсеткіштерге қол жеткізілетініне де тоқталып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласының іскерлік орталығын салудың және абаттандырудың қазіргі қарқынын сақтау қажет екенін айтып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Қазақстан жолы» – ақпарат

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.