«ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ТҰҒЫРЫ» – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ

Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев жас ұрпаққа үндеу жолдап, «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Бұл – ел сүйген, елін сүйген Елбасының кемеңгерлігі мен кемелдігі, даналығы мен даралығы, көшбасшылығы мен терең тәжірибесінен туған құнды да бағасыз кеңес, нақты бағыт. Жастар – еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Мұны Ұлт Көшбасшысы әр сөзіне тұздық етіп келеді. Бүгінде қоғамның сан саласында қызмет етіп жатқан жастарға артылар жауапкершілік жүгі де ауыр. Әйткенмен, кемел келешектің кілті солардың қолында екенін ұмытпағанымыз абзал. Елбасы ұсынған қағидаттар сол өскелең ұрпаққа жол көрсетер шамшырақ қызметін атқарады деп сенемін. Қағидаттардың әрбірінің маңызы мен міндеті зор.

Тәуелсіздік. Қаншама ұлт пен ұлыстың арманы. Көптігі жөнінен бізді екі-үш орап кететін кей ұлттардың ұлтарақтай жері жоқ. Елінің егемендігі жоқ. Өзге елдің қас-қабағына қарап, күнелтіп келе жатыр. Ал біздің еншімізді алып, тәуелсіздігіміздің тұғырға қонғанына 30 жылдан асты. Мерейлі мереке. Әйткенмен осындай бағасыз бағымыздың артында қаншама азаматтың еңбегі жатқанын ұмытпағанымыз абзал. Қыран ұшса, қанаты талып, тұлпар шапса, тұяғы тозатын алып жеріміз бар. Территория бойынша алғашқы ондыққа кіретініміз де белгілі. Елбасы тәуелсіздікті алғаннан сақтап қалудың қиын екенін ылғи да айтып келеді. Демек мәні мен мағынасы терең, артар жүгі ауыр. Сондықтан Елбасы әрбір жастың ел егемендігі жолында, дамуы жолында аянбай тер төгуі тиіс екенін алға тартты.

Бірлік пен келісім. Кез келген мемлекеттің басты қазынасы – бейбітшілік. Бейбіт елдің тұтқасы ұлттардың бірлігінде жатыр. Бұл тұрғыдан келсек, еліміздің жеткен жетістігі бір төбе. Елбасының өзі елдің дамуындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөліне айрықша тоқталып өтті. Бүгінгідей сан түрлі идеология тартысында талай елдің шаңырағы шайқалып жатқанын көз көріп отыр. Әйткенмен біздің елімізден ондай жат ағым мен теріс пиғылдың ауылы алыс. Себебі бірлігі бекіп, береке дарыған елде өмір сүріп жатырмыз. Яғни бірлік пен келісімнің ел дамуындағы рөлі айрықша. Осыны ұмытпауымыз керек.

Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.Еліміз еншісін алған сәттегі ең жауапты міндет шекараның шегенделуі болғанын білеміз. Көршілерімізбен аумақты бекітуде қарыс жердің қадірін білетін Елбасы есемізді ешкімге жіберген жоқ. Қағидат қатарына жерді қосқаны да тегін емес. Ата-бабадан мұра болып келе жатқан қастерлі де қасиетті жеріміздің қаншалықты қиындықпен келгенін жақсы біледі. Бұл баршамызға арналған үндеу деп білемін. Тарихымыздағы батырлар мен хандардың, қайраткерлер мен қараша халықтың аманатына адал болып, кейінгі ұрпаққа жеткізу сынды жауапты қызметті әрбіріміз желкемізге жүктегеніміз жөн.

Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Күні бүгінгідей мерейлі межеге жетуіміз бен ұлттық құндылықтарымыздың көздің қарашығындай қорғалып келе жатқаны отбасындағы тәрбиеге байланысты. Отанның да отбасынан басталарын жақсы білеміз, түсінеміз. Ізгі адами құндылықтардың да отбасында бала бойына сіңірілетінінен де хабарымыз бар. Демек ұлт болып ұйысу мен дамудың даңғыл жолына түсуде шаңырақтың алар орны айрықша. Бұл жайында Елбасымыз: «Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай. Сол үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білуіміз керек. Сонда ғана саналы ұрпақ тәрбиелейміз», -деп атап өтті.

Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Елбасы атап өткендей, жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Ал оның түп бастауы ұлттық мәдениетімізде жатыр. Сондықтан оны терең зерделеп, жаһанға таныта түсуіміз керек. Сөз жоқ, бүгінде қазақтың ұлттық мәдениетін әлемге танытып жүрген таланттар жоқ емес. Енді мұны дәстүрге айналдырып, әлемдік өркениеттегі қазақ мәдениетінің беделін биіктете түсуіміз қажет. Сонда ғана өзге елдерді мойындата түспекпіз.

Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Дана халқымыз «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген сөзді тектен-текке айтпаған. Бүгінгі ғасыр – бәсеке заманы. Ал бәсекеде білімдінің ғана бәсі биік болмақ. Сондықтан өскелең ұрпақ білім мен ізденіске баса назар аударуы тиіс. Сонда ғана кемел келешектің кілті қолымызда болып, жарқын болашақтың іргесі беки түспек.

Ел мен елді теңестіретін қуатты қару – білім. Елбасы оның маңызы турасында: «Мен жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеямда оның бес принципін – эволюциялық даму, ортақ жауапкершілік, өзара серіктестік, ынталандыру мен кәсібилікке ұмтылуды атап көрсеттім.Онсыз кез келген қоғам көштің соңында қалуы мүмкін», -деді. Бес принциптің бәрі біліммен тамырлас келетіні баршамызға белгілі.

Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Еліміздің әлеуеті зор. Қойны қазба байлыққа толы. Әйткенмен прагматизм қағидаларын ұмытпауымыз тиіс. Үнемшіл, қанағатшыл болғанда ғана байлықтың игілігін молынан көреміз. Мұны әрбір азамат есте сақтауы, жадына құйып алуы керек деген ойдамын.

Елбасы атап өткен қағидаттар бүгінгідей жауапты да бәсеке заманында әрбір қазақстандыққа бағыт берер бағасыз бағдар деп білемін. Бұл үндеуді әр жас көкейіне тоқып, санасына сіңіріп алуы керек. Сонда ғана тұғырымыз биіктеп, егемендігіміз мәңгілік бола түспек. Азат еліміздің аспанында Әнұранымыз әуелеп, көк туымыз көкте мәңгі желбіресін!

Талғат БАЛТАБАЕВ,

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.