Елордалық әкімдікте қайғылы оқиғаға қатысты шұғыл брифинг өтті
QAZYGURT.KZ: Нұр-Сұлтан әкімдігі Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысындағы апаттан қайтыс болғандар жайлы мәлімет берді.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған Айзат Нүрекенова Қарағанды облысының тұрғыны. Оның денесін осы өңірге жеткізуге көмек көрсетеміз. Ол — жалғызбасты ана, кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар. Ал жүргізуші Абай Оспановтың артында төрт баласы қалды», — деді «Астана LRT» ЖШС жетекшісі Бекмырза Игенбердинов.
Әкімдіктегі шұғыл брифинг барысында жантүршігерлік апаттан кейін 36 адамның медициналық көмекке жүгінгені айтылды. Жедел жәрдем бригадасы олардың жиырма алтысын қалалық емханаларға жеткізді, 23 адам қалалық көпбейінді ауруханада ем қабылдайды. Зардап шеккен 2 тұрғын — №1 қалалық ауруханаға, біреуі – орталық жол ауруханасына жеткізілді. Жеңіл жарақат алған 8 адам емханаға өздері барған. Зардап шеккендер арасында балалар жоқ.
Әкімдіктегілердің мәліметінше, «Астана LRT» апатта көз жұмғандардың отбасына ақшалай көмек көрсететін болады. Сондай-ақ қайтыс болған жолаушының денесін Қарағанды облысына жеткізеді. Ал апаттан зардап шеккен өзге жолаушылар тиісті медициналық сараптамадан кейін сақтандыру компаниясынан өтемақы алады.
Еске салсақ, 26 наурыз, сейсенбі күні, Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Үш автобус соқтығысты. Бірнеше автокөлік, соның ішінде жедел жәрдем көлігіне де зақым келді. Апат салдарынан 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жасар жолаушы көз жұмды. 27 зардап шегуші ауруханаға жеткізілді.
Жолға шығар алдында жүргізушінің денсаулық жағдайы тексеріліп, қанағаттандырарлық деп бағаланған. Автобуста да ешбір ақау байқалмаған. Барлық техникалық талаптарға сай жұмыс істегені белгілі.
Бұған дейін елордалық әкімдік әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге донор қаны керек деген ақпаратты жоққа шығарды.
АҚПАРАТ көзі: sputniknews.kz