ЕНДІ КЕДЕРГІГЕ ТАП БОЛҒАН КӘСІПКЕР МӘСЕЛЕНІ ОҢАЙ ШЕШЕ АЛАДЫ

Бүгін, Түркістан облысының әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен бірлесіп «Адал кәсіп – адал нәсіп» атты кәсіпкерлерге арналған Ашық есік күнін өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстық Департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев, Облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов, Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысының орынбасары Еркін Елшібеков, сондай-ақ несиемен қаржыландыру мекемелерінің басшылары қатысты. Онда әкімдік пен салаға жауапты мекеме қызметкерлері көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарына жауап беріп, өтініштері мен шағымдарын тыңдады.

Кездесуде көтерілген мәселелердің дені агро-өнеркәсіптік саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінетін жер мен қажетті құрылғылар, жаңа кәсіп ашу немесе өндірісті кеңейту мақсатында берілетін несиелердің мөлшеріне, қағазбастылық пен кәсіпкерлерге келтірілетін түрлі кедергілерге байланысты болды. Облыс әкімінің орынбасары бизнес өкілдеріне қатысты барлық мәселелер тіркеуге алынып, оң шешімін табуға барынша ықпал ететінін жеткізді.

«Бүгінгі шараға Түркістан қаласынан бөлек, басқа да аудан, қалалардан арнайы келген жас кәсіпкерлердің көп болуы мені қуантты. Бұдан былай мұндай кездесулер өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында «Кәсіпкер күні» деген атпен әр айдың 20-шы жұлдызында дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Онда әрбір кәсіпкер осы салаға қатысты мекемелер тарапынан жасалған кез-келген әкімшілік кедергілер мен шектеулер туралы хабарлай алады. Біз бизнестің дамуына қиындық туғызып жатқан барлық фактілерді қарастыратын боламыз», — деді Ербол Тасжүреков.

Өз кезегінде, «Оңтүстік» ӨИО, «Ырыс» несиелік мекемелерінің өкілдері кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаларды таныстырып, былтыр атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы айтып өтті. 2018 жылы 6 млрд. теңгеге 1292 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде 49 жобасы «Оңтүстік» ӨИО-нан көмек алса, 1243-іне «Ырыс» қаржы бөлген. Нәтижесінде 1403 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Одан бөлек, Кәсіпкерлер палатасы да осыған ұқсас халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы 4654 кәсіпкер қаржылай емес көмек алған. 1379 жоба 3,6 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Сондай-ақ, аталмыш мекеме облыстың әр ауданын саралап, жалпы құны 530 млрд. теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны айқындаған. Алдағы уақытта сол жобаларды іске асырып, сүйемелдеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Айта кетейік, «Адал кәсіп – адал нәсіп» бағдарламасы аясында WhatsApp желісінде онлайн-қызмет енгізілді. Егер де кәсіпкерлік саласына қатысты қандай да бір сауалыңыз болса, +7 778 555 60 30нөміріне, шағымдар мен ұсыныстарды тез арада жолдай аласыз. Келіп түскен хаттар әкімдік тарапынан бақылауға алынып, кәсіпкерлердің жұмысын жақсарту үшін тиісті шаралар қолданылады.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.