ЕРІКТІЛЕРГЕ ҮЛКЕН ТЕННИСТЕН ШЕБЕРЛІК САБАҒЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласында Теннис орталығының жетекші мамандары еріктілерге үлкен теннистен шеберлік сабағын өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – қала жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыра отырып, оларға теннис ойнауды үйрету. Аталған спорттық ойын «Жастар ресурстық орталығының»  ұйымдастыруымен «Sport Volunteers» жобасы аясында өтті.

– Шаһарда еріктілердің арасында үлкен тенниске қызығушылық танытып жүрген жастар көп. Осыны ескере келе, олардың бос уақытын тиімді пайдалануда бірқатар жобаларды қолға алдық. Алдағы уақытта спорттың бұл түріне қатысамын деген жастарға теннис орталығына тегін жазылуына көмек береміз, – деді Абай аудандық Жастар ресурстық орталығының бөлім жетекшісі Әйгерім Асанқызы.

Іс-шарада еріктілер жаттықтырушыларымен бірге ойнап, теннистің техникасын үйренді. ⁣

– Жалпы үлкен теннис – адамның физикалық және психологиялық денсаулығына өте пайдалы. Бүгінгі жобада жастар спортты жылдам игеріп жатыр. Олар болашақта әуесқой теннисшілер қатарынан табылса таң қалмаңыздар, – деді Теннис орталығының жаттықтырушысы Талғат Арыстанов. ⁣

Теннис алаңында Мирас университетінен 10 студент қатысты.

– Мен Жастар ресурстық орталығының еріктілер қатарында үш жылдан бері бармын.  Бүгін достарыммен теннис алаңына келіп, сабақ алып, ойнап жатқан жайымыз бар. Бұрын соңды үлкен тенниске қызықсам да ойнап көрмеппін. Ойын тартысты өтті. Маған ұнағандықтан  алдағы уақытта тұрақты келіп тұратын боламын, – деді ерікті Еркебұлан Қойбағар.

«Шымкент келбеті»

Фото Серік Қосаев

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.