Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты: Ана тілімізді сыйлау ең басты аспект
Европада, Франция, Германия, Польша басқа да елдерге барып, тұрақтағыңыз келсе, ең бірінші сол елдің тілін білуге міндеттісіз. Бұл «өркениетті» деп аталатын елдер үшін қалыпты жағдай. АҚШ-қа барсаңыз ағылшын тілін білу аксиома. Қазақстанға да көптеген азаматтар келіп жатыр. Қазақстан мемлекеті гуманизм тұрғысынан бұл азаматтарды қабылдады. Ол азаматтар да біздің елде ешқандай фобияның жоқтығына көзі жетті. Дегенмен, Қазақстанға келгенде біздің дәстүрді сыйлап, жергілікті халықтың басымдықтарына назар аударып, ұрымтал жерге «сүйкенбеген» абзал.
Ана тілімізді сыйлау ең басты аспект. Өйткені, дүниежүзінде солай, Европаның қай еліне бармасаңыз да сол елдің тілінде сөйлеу маңызды. Бұл ешқандай «әсіре ұлтшылдық», басқаны нақақ кемсіту емес. Бұл халықаралық, «өркениеті» норма. Біздің елде, құдайға шүкір «әсіре ұлтшылдық», тұрмыстық деңгейде тіл мәселесінде кемсіту жоқ. Біздің мәдениет сондай. Бірақ бұл жағдай тіл мәселесінің өзектілігін жоғалтпайды. Ал, біздің ана тілімізді қадірлеу әр-бір қонақтың жоғары мәдениетінің көрсеткіші. Біз екі тілді еркін меңгергенбіз ғой. Ешқандай айқай-шуға салынбай, агрессия жасамай, өктемдік көрсетпей келген азаматтарға осы мәселені ыждаһатпен, парасатпен түсіндіріп отырған дұрыс. Кей кездері парасатпен, жоғары мәдениетпен, ақыл-оймен жеңетін мезет болады. Бүгін дәл сондай кез.
adyrna.kz