ГАЗЕТ КЕРЕК ПЕ, ӨЗІ?
Жаһанданудың жалыны шарпыған заманда адамзат қоғамының тынысынан тысқары тұруға болмайтындығын «Адам боп келдім өмірге, адам боп кетем өмірден» дейтіндердің бәрі біледі. Сондықтан шығар, өркениетті елдердің көшбасшысының бірі – Жапониядағы ірі басылымның аптадағы бір жолғы таралымы бір миллионнан биылғы жылы 1 млн. 300 мың данаға өсіп отырған. Соңғы бір-екі жылдың өзінде осы елдегі бірнеше газеттің бір жылғы таралымына 100 мыңнан 300 мың данаға дейін қосылып, басылымның оқырманы бірнеше есеге дейін көбейген.
Ал, Еуропа елдерінде жергілікті газеттердің таралымы 100 мыңдап, кейбірі одан да көбейіп бара жатқанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Финляндияда әр отбасыға жазылымдағы газет-журналды бір минут кешіктірмей жеткізіп отыруды дағдыға айналдырған. Сондықтан, бұл елдің әр үйі ең азы 4-5 басылым түрлерін жаздырып алуды өзгермес дәстүрдей етіп жіберіпті. Газет-журналдарды қолма-қол сатып алуды өмір тынысы еткен Францияның ірі газеттерінің бірінің таралымы миллионға жетіп жығылса, қаншама басылымдар таралымының көбейе түскені байқалуда. Тіпті, Азия елдерінің өзінде мерзімді басылымдардың таралымы қалыпты жағдайда тұрғаны байқалады.
Ең қызығы, мемлекеттік тілде жарық көретін мерзімді баспасөз құралдарын елеусіз қалдырып, оның жойылып кетуіне көз жұма қарап отырған Қазақ елі болып тұр десек, қателеспесіміз анық-ақ.
Қараңыз, елімізде газет-журналға жаздыруды ұйымдастыратын рес-публикалық «Қазпочта» АҚ мекемесінің мәліметінде көш бастап тұрған «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Жас алаш», «Уйғур авази» газеттерінің қатарында елімізге танымал «Жас қазақ», «Жас қазақ үні», «Айқын» мен «Түркістан» сияқты басылымдардың болмағаны өкінішті-ақ.
Республикада тұратын 240 мыңға жуық ұйғырдың ана тілінде шығатын «Уйғур авази» таралымы 10 мың данадан түспей отырғаны – ұйғыр оқырмандарының намысқойлығының арқасы. Осы орайда республиканың төрт бұрышы ғана емес, көршілес жатқан елдерге дейін тарап кеткен бір фактіні ой сарабына салып көрейікші. «Уйғур авази» газетінің жабылуға шақ тұрғанын есіткен ұйғырдың нағыз ұлтжанды бір азаматы газеттің бас редакторын ұйғырдың үлкен тойы болып жатқан жерге ертіп барады. Тойбасыдан рұқсат сұрап, микрофонды қолына алғанда:
«Кешірім сұраймын, қысқа ғана хабарландыруым бар еді. Ұйғырдың ана тілінде шығатын «Уйғур авази» газеті жабылатын болды, оқырманы жоқ. «Уйғур авази» жабылса, мына тойларың, ондағы билерің мен әндерің көк тиын. Ашқан базарларың мен мінген қымбат көліктерің де көк тиын. Ұйғырдың ұлттық болмысы мен діні, тілі жоғалғанда, өзгелер ұрпағыңның бетіне түкіреді», -деп шығып кетеді. Санаулы күнде газеттің таралымы 10 мың данаға шықса, газет таралымы содан бері көбеюмен келеді. Мұны саны аз ұлттың «патриоттығы» дер едік. Ал, біз ұлттық құндылығымызды құртып, рухани азғындыққа ұшыраудың түркі тектес бауырларымызда, алыс-жақын көрші елдерде болмаған сорақылықтың көріністерін жасағанда есімізді жимаймыз. Ұлтым деп, қазағым деп шырылдап жатқан қазақ тілді басылымдардың тұншыға бастағанын неге көрмегенсіп отырмыз?
Газет қазаққа дәл қазір керек болып тұр. Ниетімізден таптық па, әлде пейілімізден таптық па, әйтеуір «жалаңпұт» демократия мен «жабайы» нарықты алаулатып-жалаулатып жүргенде, кешегі қойдан жуас, береке-бірлігі ұйысқан ел-жұртымызды беталдылыққа жібергенімізді байқамай да қалған сияқтымыз. Басқаны қойғанда, кешегі «ішің кепкір» кеңестік мектептің бастауыш сынып оқушысының екеуінің-бірінің қолында балалардың «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналы жүретін. Ал, қазір сол балалардың «Ұлан» мен «Ақ желкен» туралы 100 емес, 500-інен сұрағанда көңіліңізге қонатын жауап алар ма екенсіз? Жасөспірім балалары бар 500 түгілі 1000 үйді аралап шыққанда, балаларға арналған газет-журналды жаздырып алатын үйді табар ма екенсіз? Ал, оның есесіне, бір үйдің 3 баласы болса үшеуінің, 4 болса, төртеуінің әрқайсысының қолынан бағасы 80-90 мың теңгеден жоғары тұратын ұялы телефондарды көресің. Қолдарынан «соткасы» түспейтін бұлардың газет-журнал мен әдеби кітап ұстамайтыны адамға да, Құдайға да аян.
Осыдан кейін өскелең ұрпаққа рухани азық берудің жайын сөз етудің өзі артық шығар. Ата-ана қажет етпеген газет-журналды бала неғылсын?! Ал, үлкендер болса, өздерінің қалаған газеттерін жаздырып алуға қолдары жетпей, олардың да «шарадай басы шақшадай» болып қалды. Газет-журнал жаздырып алатындар негізінен бюджеттік мекеменің қызметкерлері болса, олардың қай басылымға жазылатынын сол мекеменің басшысы шешеді. Жұмыстан шығып, Қазақстаннан көшіп кетпеймін десең, №1 газет «Егемен Қазақстанға» жазылудан бастап, облыстық, қалалық, аудандық газеттерді міндетті түрде аласың. Одан сала министрлігінің жұмысына байланысты шығатын, қала берді министрлікпен «сіз-бізі» не «шыж-быжы» бар жекеменшік басылымның ең кемі 2-3 түріне жазылмай көр. Бір үйде 2-3, тіпті 4 болса да, қызметкерлерінің бәрі де осы тәртіпке бағынып, «разнарядканы» мүлтіксіз орындайды. Осыдан кейін қалың оқырманның өздері қалаған басылымдарды жаздырып алуға мүмкіндігі де болмайды. Сонда да бетіміз «бүлк» етпей, қазақ тілді басылымдар дамымай жатыр деуден тайынбаймыз.
Қазақ журналистикасын тұншықтырып отырған
өзіміз екенін ел білмейді деп ойлайсыз ба?
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақты жуасыта алғандар кешегі кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан, бүгінде осы саланың тізгінін ұстаған «шенділер» тәуелсіз елдің, біртұтас қазақ халқының баспасөзін бөлшектеп тастады. Өздерін дәріптеуге «попугай» болатын жарапазаншыларды жасақтау үшін «Ресми газет» дегенді шығарып, қаржылай қолдау жасайтын «құрылтайшылармыз» деген шекпенді шығарды. Оны кигендер күндіз-түні билікті мақтауға шығып, дарақы дақпыртты уағыздауға көшті. Ондай газеттерде халықтың мұң-мұқтажын айтып, сындарлы пікір білдіру деген болмады.
Тәуелсіз еліміздегі еңсесін көтере бастаған демократияға арқа сүйеген қазақ басылымдары қарапайым қалың елдің «үні, көзі, құлағы» болуға шықты. Билік оларға «Тәуелсіз газет» деген «ала шапан» кигізіп қойды. Тәуелсіз газеттерді халыққа «бөжей» көрсетудің де мүмкіндіктері «қалт» жіберілмей, басты назарда ұсталынды. Тәуелсіз газеттер еліміздегі қол жеткен жетістіктерді мақтан етіп, жарқын болашақтың жолындағы еңбекке барша қазақстандықтарды жұмылдырды. Елдің ынтымақ-бірлігін нығайтуға бар күш-жігерін жұмсауға шықты. Жұрт қолына түскен газеттің атауына қарап ажыратпаса, қайсысы ресми газет, қайсысы тәуелсіз газет екенін бірден көрсете алмай қалды. Сөйте тұра, жергілікті билік «тәуелсіз газетке» жататын басылымдардың жолын байлады. Олар өздеріне қарасты мекеме басшыларының бәріне: «Газет-журналдарға жаздыруды «разнарядка» бойынша жүргізесің. Біздің тапсырманы мүлтіксіз орындайсың» деген қатаң талап қояды және оны орындатқызады да. Мына елдің өрелі де, ойлы азаматтары өздерінің көңілінен шығатын, ел-жұртына рухани азық берудің жүгін көтеретін қазақ тілді басылымдардың «өкпесі өшіп» бара жатқанына бір ұйғырдың баласы ғұрлы намыстанбайды дейсіз бе? Жоқ. Намысы жетеді.
Облыста мекеме қызмет-керлерінің «Газетке зорлап жаздырады» деген «Жанайғайы» шыға қалып еді, бүкіл прокуратура «аттандап» шыға келді. Мекеме басшылары түнде түсінен шошып оянғандай күйге түсті. Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады, адамнан қулық артылған ба? 2-3 мұғалімнің басын құрап, 1 дана «Егеменге» жазып, қалайда бәрін жинап, әкімқаралардың тапсырмасын орындайды. Жергілікті биліктің көзалдау «саяси ойынының» «қорғаушысы» болып алаңға шыққан прокуратураның не тындырғанын естіңіздер. Ал, біздің білетініміз, Түлкібас ауданындағы бір орта мектептің бес бірдей ер мұғалімі пошташымен келісіп, өздерінің «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жазылғаны жөнінде мектеп директорына мәлімет жазып беріп, шындығында «Қазақстан жолы» газетін жаздырып алады.
Созақ ауданындағы бір мектептің Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі өзінің «Қазақстан жолы» газетін жаздырып алуға мектеп директоры мен ауылдық пошта меңгерушісі «Не аудан әкімдігінің, не білім бөлімінің «разнарядкасында жоқ» деп рұқсат бермей қойғанын айтып шырылдап, редакцияны мазалайды. Біздің қолдан не келеді? Осындай «жанайғайлар» Төле би, Шардара, Мақтаарал, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласынан толастамай келіп жатады. Суырып тастайтын тікенек емес, қоғамдық дерт болып қалыптасқан соң, оның емі болушы ма еді?
Қазір ресми газеттер ғана емес, қала мен аудан басшыларын «қорқыта алатын» «авторитеттердің» тәуелсіз газеттері де «разнарядканың» негізгі бөлігін құрайды. Жылына басылымның бетінде ауданның бары-жоғын білдіретін, болмағанда рухани жаңғыруға қатысты тұщымды бірде-бір материал жарияламайтын тәуелсіз газет Бәйдібек ауданының білім бөлімі «разнарядкасына» кіріп, мұғалімдердің жүйкесін тоздыруға барған.
Ал, Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы «разнарядкаға» бір тәуелсіз газеттің 900 данасын мектептерге таратуды Елбасының халыққа арнаған Жолдауының тапсырмасындай белгілеп берген. Қысқасы, ұстаздардың Конституцияда көрсетілген жеке басының құқығын қорғау біздің атқарушы биліктің шенеуніктері үшін кәдуілгі тірлікке айналып кеткендей. Олар өздерінің сөзін ешкім тыңдамайтынын білген соң, тыныштық үшін Қытайдың газетін аласың десе де, көнбегенде не қылсын? Ең өкініштісі, ұлт руханиятының жүгін көтеріп, көшін бастайтын ұстаздар қауымын өрелі, ойлы етудің орнына, руханият қазынасын ұстаған қазақ тілді мерзімді баспасөзден аулақтатып тастағанымыз болып тұр.
Ә.МҰРАТБЕКОВ.