Ғибратнама. Ақ пен қара
Мектеп кезінен дос-құрбы болған Айман мен Шолпан жол үстінде кездесіп қалады. Айманның қызы жақында тұрмысқа шықса, Шолпанның ұлы әйел алып үлгеріпті. Екі әйелдің арасындағы диалог:
Ш – Айман, қызың қалай? Күйеу балаң қалай?
А – Ой, кішкентайынан бар айтқанын істеп, еркелетіп өсірген қызымыз қатыгез біреуге тұрмысқа шығыпты. Азаннан кешке дейін қызым үйді жинаумен, бала бағумен, кір жуып, тамақ пісірумен әлек. Сонда күйеу бала кешкісін «шаршадың ғой» деп қызымды киноға не театрға апарып, тым болмаса гүл шоғын сыйламайды ғой. Жұмыстан келеді де, тамағын ішіп, телевизорға үңіліп футбол қарап жата береді.
Ш – Айтпа, қазіргі жастар не болып бара жатыр! Менің алтын балам да бір жаман қызға тап болды. Таң атқаннан кеш батқанға дейін әйелі мен баласын асыраймын деп жұмыс істейді, сонда үйге келіп демалғысы келсе, біздің келін «киноға барайық», «неге гүл әкелмедің» деп қақсайды. Шаршады-ау, демала ғой дегені жоқ! Балама қарасам, жүрегім ауырады…
«Өсиет әңгімелер».