ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ӨҢІР ЖҰРТЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келіп, рухани шаһар халқымен кездесті. Түрлі сала өкілдерімен бас қосып, тұрғындардың мәселелерін тыңдады.

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Түркістан қаласындағы заманауи үлгіде бой көтерген облыстық “Фараб” ғылыми-әмбебап кітапханасында өңірлік «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшыларымен жиын өткізді. Басқосуда аймақтың рухани-мәдени дамуы мен қатар қоғамда орын алып жатқан өзекті тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда, ұлттық идеологияның маңыздылығы, білім сапасын жақсарту, азық-түлік қымбатшылығы, жастарды қолдау және тағы басқа мәселелер ортаға салынды. Депутатқа жиын қатысушылары мен кітапхана ұжымы өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ Дархан Қамзабекұлы өңірдегі ақпарат саласының қызметкерлерін бір арнаға тоғыстырған «Алатау медиа-орталығында» болып, БАҚ өкілдерімен де жүздесті.Онда телекоммуникация және баспа жұмыстарының жай-күйімен танысып, журналистер қауымымен диалог орнатты.


Депутат Құдайберген Ержан ІІМ Түркістан қалалық полиция бөлімінің жұмысымен танысып, қызметкерлерімен кездесу өткізді. Онда құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, Түркістан қаласынан отбасында қараусыз қалған балаларға арналған орталық ашу туралы ұсыныстарды Ержан Төлепұлы назарға алды.
Қала тұрғындарымен бетпе-бет көрісіп, тілдесу үшін депутат Қайнар Абасов Отырар мөлтек ауданына барды. 25-ке жуық азамат тұрғылықты жердегі проблемалармен қатар жеке мәселелерінің шешілуіне ықпал етуді сұрады. Олардың айтуынша, қол жеткізген баспананың сапасы сын көтермейді. Коммуналдық мәселелер де жиі туындайды. Сонымен қатар балаларға арналған спорт үйірмелерін ашу, жұмыссыздық, атаулы әлеуметтік көмектің машақаты жөнінде депутатқа шағымдарын жеткізді. Қ.Абасов барлық ұсыныс пен өтініштер қараусыз қалмайтынын айтты.
Жұмыс сапарының аясында Мәжіліс депутаттары жергілікті тұрғындарға жеке қоғамдық қабылдау өткізуі жоспарланған. Депутат Сырым Ертаев Түркістан қаласының азаматтарын қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдады. Қабылдауда жалпы 9 азаматтың мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жер алу, баспанамен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік көмек, халықты құжаттандыру бойынша өтініштері мен ұсыныстарын Мәжіліс депутаты қарастырып, жауап беретінін айтты. Халық қалаулылары Түркістан облысының ауыл-аймақтарын аралауды бастады.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық
филиалының баспасөз қызметі.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.